Астана тұрғыны баспаналы боламын деп алаяққа алданды

Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысты бары анықталды.

Астанада алаяқ қала тұрғынына сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй алуға жәрдем берем деп ұсыныс айтып, кейін ақшаны алып, ізін суытқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жәбірленуші ұсынысты қабылдап, алайда көптен күткен баспанасына ие бола алмады. Ол күдіктіге 1 млн 500 мың теңгеден астам сомаға алданып қалды. Кейін алданғанын түсінген елорда тұрғыны полицияға жүгінген. 

Жедел-іздестіру іс-шараларының көмегімен Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Қаражатты алаяқтықпен иемденіп, осылайша, материалдық шығын келтірген 35 жастағы әйел адам екені мәлім болды.

Күдікті қылмысын мойындады. Алайда жәбірленушіге ақшасы қайтарылмады, өйткені әйел қаражатты әртүрлі шоттарға жіберген. 

Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысты бары анықталды. Күдікті абақтыға қамалды.