Ақмола облысында ер адам фермадан үйрек ұрлаған

Жоғалған құстардың жалпы құны 210 мың теңгеге бағаланды.

Ақмола облысында фермадан үйрек ұрлаған ер адам ұсталды. Бурабай ауданының полиция бөліміне жеке кәсіпкерден ұрлық бойынша арыз түскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адам 25 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өзіне тиесілі ауылшаруашылық кәсіпорнының аумағынан 28 үй үйрегі жоғалғанын хабарлады. Жоғалған құстардың жалпы құны 210 мың теңгеге бағаланды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция ұрланған құстарды сатып алған адамды анықтады. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған ферма қызметкері бірнеше күн бойы үйректерді кәсіпорын аумағынан шығарып, оларды қапқа салып, кейін жергілікті тұрғындардың біріне сатқаны белгілі болды.

Қазір осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.