Биыл Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы. Республика деңгейде түрлі іс-шара өтті. Ғалымға қандай мадақ айтылса да жарасады. Дегенмен биыл Қанекеңнің бір қыры толық айтылып, ашылды деп айта алмаймыз. Ол әншілік өнері. Қолымызда Қаныш атамыз айтты деген әндердің аудио таспалары болмағандықтан әншілік деңгейі жайлы бірдеңе айту қиын. Десе де қолымызда бар А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағынан бұл өнерін жобалауға болады. Жобалауға болады деп отырғанымыз, Қанекең 2-3 емес, бірден 25 ән жаздырған екен. Ал кәсіби әншілер жақсы біледі, осыншама әнді екінің бірі айта бермес.
Затаевич Қанышты студент кезінде таныса керек. Александр Викторович кітаптың түсіндірмесінде былай дейді: «Том технологический институтын бітірген жас қазақ инженері Қаныш Сәтбаев Баянауыл әндерінің тамаша білгірі және оларды тамаша орындаушы. Ол бізге ән айтып қана қоймай, ән мәтінін де орысшаға аударып, көмек берді».
«Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына үңілейік. №224-248 арасында Қаныш айтып берген әндер. Кейбір әннің мәтіні бар, кейбірінің тек әуені ғана. Ән құрылымдары да әртүрлі.
Біз Қаныштың Затаевичке берген әндерін жіктеп, оқырманға ұсынып көрмекпіз.
Алдымен адам есімдерімен аталған әндерді түгендеп көрейік. Ең әуелі «Мақпал» деген әннің нотасы берілген. Авторы көрсетілмеген. Кейінгі Қаныш мұрасын түгендегендер «бұл Ақан серінің әні» деп жазса да, өз басымыз бүгінгі айтылып жүрген «Ақан серінің Мақпалымен» ұқсастық байқамадық. Келесі әнді Затаевич «Башкульбай» деп беріпті. Авторы тағы да көрсетілмеген. Әннің аты адамның есімі болса керек. Түптеп келгенде «Баскөлбай» болу мүмкін. Нотасын домбыраға салып көргенімізде татар, башқұрттардың әуеніне келіңкірейді.
Сонымен қатар «Ажар сарыны», «Шөженің сарыны», «Жарылған сарыны» деп келетін әуендер сарын деп жазылса, өзгелер ән деп берілген. Мысалға «Мекшінің әні», «Әмірдің әні», «Қисаның әні» (мүмкін Қысаның әні), «Тәліпжан әні», «Шахиданың әні». Осындағы Шахида жайлы Қанекең Затаевичке түсіндіргенде «ол Баянауылда тұрған сұлтан әулетінен тараған ақын әйел еді. Жас келіп, көзі көрмей қалғанда өзінің жай-күйіне арнап осы әнді шығарған» дейді. Ал «Зілғараның әнін» шығарған Зілғара деген 90 жасында жас қызға үйленіп, кейін есі ауысып кеткен екен. Бір ауытқу кезінде осы әнді шығарған екен.
Затаевич «Іңкәр» деп жазған әнін бүгінге халық арасында аса танымал «Аққұм» деген әннің бір нұсқасы десе, «Қорлан» деген әнді Естайдың әніне мүлдем ұқсамайды деп жазады. Ғашық болып, замандасына арнаған қыздың әні «Базарбек» деп келеді. Сонымен қатар, түсініктеме жазылмаған «Бибігүл», «Сұңқарым-ай», «Сал Көжебек» әндері де бар. Біздің пайымызда соңғысы Арқа даласындағы белгілі бір сал-серіге арналса, «Сұңқарым-ай» деп біреуге сағыныш әні болса керек.
«Обаған» мен «Қоғалы көл» әндері өзен-көлге арналған. Әсіресе, Обаған өзені жайлы Қаныш өзінің жас кезіндегі бір мақаласында жазып кеткен екен. Сонымен бірге «Арғы жағы Ертістің» әнін Затаевич XVIII ғасырда, Ертістің жағасына алғашқы бекіністерді сала бастағанда шықса керек дейді.
«Құла жекей» мен «Қара жорға» ер қанаты – атқа арналса, «Ал, шіркін» деп аталатын ән көңіл күймен байланысты болса керек. Затаевич нотасын берген соңғы ән «Әлди бөпем» деп аталады. «Бұл сүйген жігітінен тапқан сәбиін бауырына барып, ұнатпаған адамға ұзатылып бара жатқан келіншектің зарлы әні дейді. Бұған ұқсас басқа ән «Зылиха» деп аталады» деп сөзін қорытындылайды Александр Викторович.
Құрметті оқырман, бұл Қаныш Имантайұлының А. Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағында кездескен әндерін ғана шолып өттік. Қанекеңнің ән қоржыны осымен ғана шектелмейді. Ғалым айтқан басқа әндер жайлы Медеу Сәрсеке өз еңбегінде жазып кеткен.
Рүстем НҮРКЕНОВ,
өнер зерттеушісі
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.