Астанада жолаушы такси жүргізушінің телефонын ұрлап кеткен. Жүргізуші телефоны ұрланғаны жөнінде полицияға шағымданды, - деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жүргізушінің айтуынша, жолаушы жолдан оны тоқтатып, белгіленген жерге апарып салуын өтінген. Кейін көліктің салонында екі орындықтың ортасындағы тіректе тұрған телефонды ұрлап, көліктен түсіп кеткен. Жүргізуші сәл уақыттан соң телефонының жоғалғанын байқап, полицияға хабарласады. Күдікті жәбірленушіге 280 мың теңгеден аса шығын әкелген.
Жедел-іздестіру шараларының негізінде Алматы аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 38 жастағы күдіктіні анықтап, үйінен ұстады. Күдікті телефонды иесіне қайтарып берді.
Қылмыс бейнебақылау көмегімен ашылды. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындады.
Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.