Жастарға жұмыс – жаңа мүмкіндіктер жолы

Бұл іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сондай-ақ облыстар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп ұйымдастырылды.

«Жастарға жұмыс» жобасы – еліміздегі жастардың өзін кәсіптік, еңбек және кәсіпкерлік салада дамытуына жол ашатын маңызды бастама. Бұл жоба жастарға еңбек нарығына еніп, кәсіби жолын табуға мүмкіндік беріп, олардың әлеуетін толық ашуға ықпал етеді.

«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асырып отыр. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Осы орайда, Семей қаласында жаз айында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастарға кәсіби тәжірибе жинақтауға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Жәрмеңкеге қатысқан 28 мекеме 936 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 17 жас маман жұмысқа орналасып, 43 жас адам сұхбаттасуға шақырылды.

Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындары арасында өз мамандығы бойынша жұмыс тапқан жас мамандардың бірі – Ким Данна Викторовна. Ол Абай атындағы әмбебап кітапханаға кітапханашы болып орналасып, өз мамандығы бойынша кәсіби дамуын жалғастыруда. Данна Ким бұл жобаның жастар үшін тиімді екенін атап өтті.

«Мен үшін «Жастарға жұмыс» жобасы үлкен мүмкіндік болды. Семей қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бұл жобаның маңызы зор, себебі, ол – жастардың өз жолын тауып, кәсіби дамуына жол ашады. Арбат алаңында өткен жәрмеңкеге біршама ұйым қатысып, әртүрлі мамандық бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Мен осы шараның арқасында Абай облысы, Семей қаласында орналасқан әмбебап кітапханаға кітапханашы болып жұмысқа қабылдандым. Бұл менің кәсіби дамуыма зор ықпал етуде және мен өз мамандығым бойынша жастарға білім беру ісіне үлес қосуды мақсат етіп отырмын», – деді Данна Ким.

Айта кетейік, «Жастарға жұмыс» – «AMANAT» партиясы мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жастарды жұмыспен қамту бойынша бірлескен жобасы.

Бұл жобасын іске асыру аясында 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 150 мың жас жұмыспен қамтылды. Жұмыс берушілермен 5 мыңнан астам меморандумға қол қойылды.  

Еліміздің барлық өңірінде 200-ге жуық жәрмеңке өткізіліп, оған 5,2 мың ұйым қатысты. Нәтижесінде 55 мыңнан астам адам жолдама алды.

Бұл іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сондай-ақ облыстар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп ұйымдастырылды.