«Астана: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Конференция барысында секциялық отырыстарда Астана қаласы мен Ақмола облысының білім беру ұйымдарының 7-9 сынып оқушылары өз жұмыстарын ұсынды.

Қазақстан Президенттік орталығында оқушылардың «Астана: кеше, бүгін, ертең» ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылуы өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараны өскелең ұрпақтың бойында Қазақстан тарихына құрмет пен отансүйгіштік сезімін, тарихи сананы, толеранттылықты тәрбиелеу, өз Отанының мәдени-тарихи мұрасын зерттеуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Пленарлық отырыс Қазақстан ПІБ Президенттік орталығының директорының міндетін атқарушы Серік Сыдықовтың сәлемдесу сөзімен басталды.

«Қазақстанның жаңа тарихында Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі стратегиялық бастама шешуші болды. Тарихи қысқа уақыт ішінде орасан зор жұмыстар атқарылды: елорда республиканың ірі саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми орталығына айналды. Қазақстанның елордасы – жас, қарқынды дамып келе жатқан қала мемлекеттілік пен егемендіктің айрықша символына, тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына, еліміздің ұлттық идеясының топтастырылуы мен бірігуінің символына айналды», – деді С.Сыдықов. 

«Қазақстанның жаңа астанасын салу посткеңестік кеңістіктегі ХХ-шы ғасырдың соңы мен ХХІ -ші ғасырдың басындағы ауқымды жобаға айналды. Өткен онжылдықтар еліміздің саяси орталығын Астана қаласына көшіру тарихи және стратегиялық тұрғыдан негізделгенін көрсетті. Бұл посткеңестік кеңістіктегі мемлекет астанасының бірінші және жалғыз трансфері болған үлкен инновациялық жоба болды. Қазақстан астанасының әрбір оқиғасы мен жетістігі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табысының көрсеткіші болып табылады. Әлемдік қауымдастық алдында Астана қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның тұлғасына айналды», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.

«Білім саласы бойынша статистикаға көз жүгірсек, Қазақстан Республикасының елордасы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру уақытында мектеп қабырғасында бар-жоғы 45 000 оқушы болса, қазір 300 000 мыңнан астам бала мектеп қабырғасында білім аып жатыр. 1997 жылы қала бойынша 46 мектеп қана болса, қазір 200-ге жуық мектеп бар екенін атап өткім келеді. Президент Қ.К.Тоқаев өз сөздерінде, Қазақстан халқына Жолдауларында сапалы білім беру мәселелеріне ерекше назар аударып, «Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз» - деп атап өтеді»,  – деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев. 

«Бүгінде Астана Қазақстанның сәулеттік символына айналды. Өздеріңіз білетіндей, трансферттің алғашқы жылдарында Астана қаласын дамытудың Бас жоспарының эскиздік идеясын әзірлеуге халықаралық байқау жарияланған болатын. Және бұл кездейсоқ емес, өйткені бас жоспардың кез келген қаланың одан әрі дамуы үшін маңызы зор. Астана сәулеттік қиялға шексіз еркіндік берді, ең батыл сәулеттік ұсыныстарды шешуге мүмкіндік берді», – деп Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, сәулет ғылымының кандидаты Аманжол Чиканаев бөлісті.

Сонымен қатар пленарлық отырысқа Astana IT University профессоры Сәуле Мамытова, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Садвакасова, Қазақстан Республикасының гидтер, экскурсоводтар Одағының президенті, «Арман-тур» ұлттық туроператорының директоры Салтанат Әбжанова қатысты.

Конференция барысында секциялық отырыстарда Астана қаласы мен Ақмола облысының білім беру ұйымдарының 7-9 сынып оқушылары өз жұмыстарын ұсынды. Конференцияға қатысуға 80-нен астам баяндама жіберілді, оның 55-і екінші кезеңге өткізілді. 

Секциялық отырыстың қорытындысы бойынша келесі қатысушылар марапатталды:

1-секция «Астана қаласының тарихы және мәдени мұрасы (қала және аймақтың 1991 жылға дейінгі тарихы)»: 

- 1 орын  - Ерболат Қарақат;;

- 2 орын  - Тұрсын Ілияс;

- 3 орын  - Жаңабекұлы Ханкелді

 

2-секция  «Астана – тәуелсіз қазақстанның елордасы»:

- 1 орын  – Джусупова Камила;

- 2 орын  – Қыпшақ Нұрболат; 

- 2 орын  - Самат Нұрали; 

- 3 орын  – Әбілтай Мақсат; 

- 3 орын  – Төлеуова Айару;

 

3-секция «Болашақтағы Астана»:

- 1 орын  - Рысқұл Жанерке;

- 2 орын  - Божко Анна; 

- 3 орын  -  Айдар Али; 

- 3 орын  - Досымбаев Алихан. 

Сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік конференцияның барлық қатысушысына сертификаттар табыс етілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.