Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бойжеткен Е.-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша (қоғамдық орындарда айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер ) әкімшілік іс қаралған, – деп жазады Aikyn.kz.
Е. 2024 жылдың қараша айында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында орналасқан «Shymkent Plaza» сауда үйінің алдында, жартылай жалаңаш күйде ішкиіммен жарнамаға түскен.
Сотта Е. өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңiрегiндегiлердi сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да осындай iс-әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Аталған бапқа сай, бойжеткен өз әрекетінің құқыққа қарсы сипатын сезініп, саналы түрде жол бергендіктен әкімшілік құқық бұзушылықтарды қасақана жасаған деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынған.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.