Миллионерлер бес жұлдызды қонақүйлерден бас тарта бастады

Бай саяхатшылар сәнді бес жұлдызды қонақүйлерден бас тарта бастады. Оның себебін біз түсіндіреміз.

Quartz сайтында жарияланған мақалаға сүйенген Aikyn.kz саяхат индустриясындағы жаңа үрдістердің себебін талдайды.

Бүгінгі клиенттер өзін патша сарайында да, жеке апартаментте де үйдегідей сезінгісі келеді. Фото bigfoto.name сайтынан алынды

Сәнді тауарлар индустриясы 2024 жылы пандемиядан кейін айтарлықтай құлдырап кетті. Жоғары инфляция, әлемдегі саяси тұрақсыздық және экономикалық күйзелістер тұтынушылардың белбеуін қатайтуға алып келді.

Bain&Company-дың жыл сайынғы люкс тауарлар есебіне сәйкес, биылғы құлдырау саланың 20 жылдағы үшінші баяулауын көрсетті. Бірақ сән-салтанат шығындары өсіп келе жатқан бір сала бар: туризм және саяхат. Бүкіл әлемде тұтынушылар ақшаларын сәнді тауарлардан сәнді тәжірибеге ауыстыра бастады және көптеген жаңа компаниялар осы өзгерістерді пайдаланып қалғысы келеді.

«Біз адамдардың саналы және мағыналы өмірін қалыптастыратын сәнді тәжірибелер жасауға сенеміз. Біздің компанияның мақсаты – нағыз париждік тәжірибені қамтамасыз ету және тұтынушылар бізбен бірге болған кезде өздерін нағыз париждіктер сияқты сезіну. Біз үшін клиенттердің өзін патша сарайында, жеке апартамент жағдайында өзінің үйіндегідей сезінуі өте маңызды», – дейді француздық Highstay компаниясының басқарушы директоры Максим Лаллеманд.

Оның компаниясы қонақтарға қонақүй деңгейіндегі консьерж қызметтеріне қолжетімді, қонақүйлерге балама ретінде 40-тан астам Париждегі апартаменттерде орналасу мүмкіндіктерін ұсынады.

Бай саяхатшылар демалыстар үшін жеке үйлер мен апартаменттерді көбірек таңдауда. ото lavrushinskiy.ru сайтынан алынды

Highstay – еуропалық қонақжайлылық әлеміндегі өсіп келе жатқан жаңа үрдістің бір ғана мысалы. Бес жұлдызды қонақүйлерде тұрудың орнына, бай саяхатшылар шетелге сапарлары үшін жеке үйлер мен апартаменттерді көбірек таңдауда. Highstay өте жоғары деңгейлі жылжымайтын мүлікті жалға беру бағдарламасына ұқсайды.

Ал August Collections компаниясы болса клиенттеріне бірнеше жылжымайтын мүлікті біріктіретін компаниялардың акцияларын сатып алуды ұсынады. Бұндай әрбір топтамада мүліктің тарихына, сапасы мен сүйкімділігіне, сондай-ақ айналадағы қауымдастыққа негізделген мұқият таңдалған төрт-бес демалыс үйі бар. Отбасылар бұндай компаниялардың акцияларын сатып алып, жыл сайын бірнеше апта бойы осы апартаменттер мен жеке үйлерде демалу құқығын алады. Бұл Еуропа бойынша саяхаттауды жеңілдетеді, өйткені оларды әрбір елде, әрбір теңізде өзінің жаңа үйі күтіп тұрады.

August және Highstay жаңа бизнес дизайнымен жұмыс істейтін шағын компаниялар болып саналады. Олардың әрқайсысы соңғы жылдары жылдам өскен, өйткені Еуропада иммерсивті саяхат тәжірибесіне деген ұмтылыс күшейіп келеді.

«Біздің [тұтынушылар] бір немесе екі үйді өз бетімен оңай сатып ала алады. Бірақ бізсіз бұндай ерекше сападағы және ыңғайлы үйлерді табу қиын болар еді», – дейді August Collections компаниясының негізін қалаушы Мели Дуно.

Қандай елде жүрсе де саяхатшы өзін елінде жүргендей сезінуі маңызды. Фото bigfoto.name сайтынан алынды

Екі компания да жоғары санатты қонақүй сияқты қызметтер көрсету жеткіліксіз екенін айтады. Айырмашылықты шынымен сезіну үшін қонақтар өздері баратын қалалар мен елдерге толығымен сіңіп кеткендей сезінуі керек.

«Егер сіз Шанхайдан Нью-Йоркке барсаңыз, сіз тоқтаған қонақүй бөлмесі бір-біріне ұқсас болады. Бұл Highstay-дің мақсаты емес. Біз басқа нәрсе ұсынамыз. Қонақүй бөлмесі – бұл қонақүй бөлмесі, тіпті өте жақсы қонақүй болса да. Онда мини-бар, төсек, кондиционер бар және сіз күн сайын вестибюльде адамдарды көресіз, бұл жеке кеңістік емес. Біз өзіңіздің үйіңіздегідей эксклюзивті демалыс ұсынамыз», – деп түсіндіреді Лаллеманд.

Highstay тек Парижде жұмыс істейді, қаланың ең танымал аудандарында пәтерлер ұсынады. Компания жергілікті мәдениетті жақсы сезінеді және оның қызметкерлерінің туризм индустриясында көпжылдық тәжірибелері бар. Сенадағы эксклюзивті круиздер немесе Луврдың жеке турлары сияқты арнайы Париждік қызмет көрсетіледі.

August Collections компаниясы да әртүрлі еуропалық өмір салты мен тәжірибелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін құрлықтың әралуан қалаларындағы мүлікті әдейі қамтиды.

«Біз үшін сіз қандай елдің аумағында болсаңыз да өзіңіз еліңізде жүргендей сезіну маңызды. Біз сіздің Майоркада Францияның оңтүстігінде жүргендей сезінгеніңізді қаламаймыз. Сіз Тосканада болғанда, сіз Италияда жүргендей сезімде болуыңыз керек. Біз осыған жұмыс істейміз», – дейді Мели Дуно.

Highstay мен August Collections компаниялары саяхат кезінде өте бай адамдар күтетін сәнді ыңғайлылық стандарттар ұсынады. Фото 24courchevel.com сайтынан алынды

Highstay де, August Collections компаниясы да дәстүрлі қонақүйден басқаша жұмыс істейді. Бірақ екеуі де саяхат кезінде өте бай адамдар күтетін сәнді ыңғайлылық стандарттарын сақтайды. Екеуі де қонақтарға Ritz немесе Four Seasons-де болатын ұсыныстар мен қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар екі компания да қонақтарға демалысын жеке, мәнді өткізуге мүмкіндік береді.

«Қонақтар August Collections-ді таңдайды, өйткені олар бұрынғыдай қонақүйде қалғысы келмейді. Олар тек мейрамханаларда тамақтанбай, достарын қабылдауға, таңғы ас үстінде сағаттап отыруға және өздері дайындаған тағамды жегісі келеді. Оларға осындай еркіндік ұнайды, қай жерде сауда жасауға болатынын, қайда баруға, нені көруге болатынын сұрайды. Осының бәрі біздің қызметімізге кіреді, бұл оңай емес», – деп түсіндіреді Мели Дуно.

Уақытпен бірге өзгермейтін сала жоқ. Адамның талабы да өзгеруде, оған бизнес орта да жылдам бейімделе бастады. Туризм мен саяхат индустриясындағы осындай жаңа қызметтер мен үрдістер соны көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.