Мемлекет басшысы Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановты қабылдады

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, сессия басталғаннан бері 31 заң қабылданып, Сенатқа жолданған, сондай-ақ 15 заңға Президент қол қойған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ерлан Қошанов Президент реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында палатаның атқарған қызметі туралы баяндады.

Сессия басталғаннан бері 31 заң қабылданып, Сенатқа жолданған, сондай-ақ 15 заңға Президент қол қойған. Олардың ішінде Бюджет кодексі, биржалық сауда мәселелері бойынша заңдар, есірткі қылмысы үшін жазаны қатаңдату, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесін енгізу, соттарды жаңғырту, әкімшілік заңнаманы жетілдіру және тағы басқалары бар.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, қазір депутаттар 71 заң жобасын қарап жатыр. Салық, Су, Құрылыс, Цифрлық кодекстері мен тұтынушылар құқығын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие, пошта секілді заң жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде.

Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар қыз алып қашқаны үшін берілетін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер дайындап жатыр.

Депутаттар бюджет шығындарына парламенттік бақылау жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Жуырда Жоғары аудиторлық палата төрағасының ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялаудың тиімділігі туралы есебі тыңдалған.

Мәжіліс заң шығару жұмысының ашықтығына, оған қоғам мен сарапшылар қауымдастығын тартуға ерекше мән береді. Қоғамдық палатаның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі.

Барлық партиялық фракция депутаттары мен бір мандаттық округтерден сайланған халық қалаулылары сайлаушыларымен жиі кездесулер өткізіп, азаматтарды қабылдап, өңірлерге сапарлайды.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия бағытындағы жұмыстың қорытындылары жөнінде мәлімет берді.

«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты», сондай-ақ Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауатын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобалары туралы айтты.