Соңғы кездері адамдар көп шоғырланатын жерлерде, соның ішінде еліміздің әуежайлары мен теміржол вокзалдарында «жарылғыш заттар қойылды» деген қоғамды дүрліктіретін, жалған хабарлама тарататындар көбейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы жылы жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінде жарылғыш заттардың қойылғаны туралы көрінеу жалған хабарламалардың 28 фактісі тіркелді. Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.
Телефон лаңкестігінің себептері әртүрлі – ол қасақана бұзақылықтан басталып, жауапсыз қадамдар мен жеңіл-желпі айта салған сөздерге дейін жетеді. Кейбір жолаушылар әуежай қауіпсіздігі қызметкерлерінің «Қолжүгіңізде не бар?» деген сұрақтарына әзілдеп, оның салдары туралы ойланбастан, «Бомба» немесе «Граната» деп жауап беріп жатады.
Мұндай алдау сөздің бірі әрқашан айтарлықтай күш пен қаражатты жұмсауға дейін әкеліп соғады. Осындай сөздерден кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері барлық шұғыл қызметтерді ескертіп, дабыл қағуы керек. Ғимаратқа кіру жолдары жабылады, объектіні қоршауға алып, адамдарды эвакуациялайды, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, бір сөзбен айтқанда, әуежайлар мен теміржол вокзалдарының жұмысы бұғатталады.
Мәселен, 8 желтоқсанда Алматы әуежайында 18 жастағы шығарып салушы азамат әуекомпанияның жолаушыларға қызмет көрсету агентінің «Тыйым салынған заттарыңыз бар ма?» деген сұрағына қалжыңдап «пистолет бар» деп жауап берген. Ақпарат расталған жоқ.
Мұндай фактілер жиі кездеседі. Көбінесе, жолаушылар жасаған теріс қылықтары үшін қатаң жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Сотта олардың барлығы дерлік осы іс-әрекеттеріне өкініп жатады.
«Терроризм актісі туралы жалған хабарлама бергені үшін жауапкершілік туралы тағы да естеріңізге саламыз. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осындай қылмыстар жасағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан бастап тартылады. Оған қоса, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жалған шақыртқаны үшін жедел ден қою қызметтерінің шығындарын толық көлемде өтейді», – деді Көліктегі полиция департаментінен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.