Aikyn.kz артық салмақтан арылудың жаңа тәсілін newatlas.com сайты жариялаған мақалаға сүйеніп талдайды.
Асқазанда тойым сезімін туғызатын үрлемелі шарлар арықтау үшін бұрындары да қолданылған. Бірақ бұрынғы қолданылып келген тәсілдердің бір кемшілігі болды. Мысалы, бұрынғы шарлар асқазанда ұзақ уақыт бойы үрленген күйде болса, оның тиімділігі төмендейтін еді. Қазір Массачусетс технологиялық институтының (MIT) инженерлері қажетті жағдайда үрленетін, қажет болмағанда ауасы шығарылатын шар ойлап тапты. Және бұл артық салмағы бар адамның тамақты 60% аз ішуіне көмектеседі екен.
Соңғы 30-40 жылда семіздікке шалдыққан миллиондаған адамдар арасындағы аурулар мен өлімнің көбеюі жаһандық проблемаға айналды. Семіздікке қарсы инъекциялық препараттар молынан шығарылуда, көпшілік бұларды жақсы біледі. Дегенмен осы препараттардың жанама әсерлеріне немесе құнына байланысты көп адамдар оларды қабылдай алмайтын. Енді ғалымдар бұл проблемамен күрестің балама тәсілін ұсынуда. Шамадан тыс артық тамақтануды тежеу үшін адамның өзін ұзақ уақыт бойы тоқ сезінуі маңызды.
«Асқазан шарларын қолдану тиімді. Тарихи тұрғыдан алғанда, шардың көлемі салмақ жоғалтумен байланысты болды. Бірақ уақыт өте келе адамның ағзасы оған бейімделіп, салмақтың өсуі бұрынғы қалпына келетінін біз білеміз. Ал біз тоқтық сезімін уақытша, яғни тамақ ішер алдында ғана имитацияласақ, онда салмақ жоғалту ұзақ уақытқа жалғасады деп ойладық», – дейді MIT инженерия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Джованни Траверсо.
Ал MIT инженерлерінің мақсаты көлемін біртіндеп ұлғайтуға ғана болатын Spatz3-ті жетілдіру болды. Осылайша, олар тоқтық сезімін ұдайы болдыратын OSIRIS реттеу жүйесін жасады. OSIRIS шары тоқтық сезімін тудыру үшін тамақтанар алдында үрленеді, содан кейін асқазанның үрленген шарға үйреніп қалу қаупін азайту үшін тамақ ішіп болғаннан кейін ауасы шығарылады. Үрлеу мен ауаны шығару циклы күніне үш рет болады: таңғы аста, түскі және кешкі аста. Тамақтану үшін PEG зонды түтік арқылы тікелей асқазанға енгізіледі.
«Негізгі идея мынада: тамақтанар алдында үрленетін динамикалық шарды қолдану арқылы аштық сезімін басамыз. Тамақ ішіп болғаннан кейін шардың ауасын шығарамыз», – дейді Джованни Траверсо.
Қазіргі уақытта көптеген IGB дизайндары бар, бірақ олардың көбін FDA агенттігі мақұлдаған жоқ. Ондай шарлар эндоскоп арқылы асқазанға енгізіліп, кейін сұйық затпен немесе газбен үрленеді. Адам тоқтық сезіну үшін қажетті көлемде механикалық созылу жасайды. Ал жаңа IGB әдісі бойынша шарды асқазанға енгізу амбулаториялық жағдайда орындалса да, ол жалпы анестезияны қажет етпейді.
Семіздікті емдеу спектрінің басқа әдісі – бариатриялық хирургия. Бұнда тағамды тұтынуды шектеу үшін асқазанның мөлшері мен анатомиясы хирургиялық жолмен азайтылады. Бариатриялық хирургия үлкен хирургия болып саналады және оған байланысты тәуекелдер мен асқынулар болуы мүмкін. Ал семіздіктің өзі ота жасау қаупін арттырады.
Жаңа OSIRIS жүйесі инвазивтілігі бойынша IGB-ге жақын. ПВХ-дан жасалған баллон дәстүрлі асқазан баллоны сияқты эндоскопиялық жолмен орнатылады. Ал баллонның көлемін өзгертетін түтік іштің терісі арқылы тікелей асқазанға кіргізіледі. Бұл баллонды үрлеу және ауасын шығару құралы ретінде жұмыс істейді. PEG түтігін орнату жергілікті анестезиямен бірге жеңіл седацияны ғана пайдаланады, сондықтан ол күрделі операция болып саналмайды.
«Егер адамдар жұта алмаса, оларды осындай түтік арқылы тамақтандыруға болады. Біз түтіктерді жылдар бойы ағзаға қауіп төндірмейтіндей ұзақ уақытқа орнатамыз. Жүйе осылайша ұзақ мерзімді сенімді жұмыс істейді», – деп түсіндіреді Траверсо.
Зерттеушілер шошқалардың үш тобында OSIRIS жүйесінің тиімділігін бағалаған. Бір тобында шар жоқ болған, келесі топта шар үрленбеген және үшінші емдеу тобында құрылғы үрленіп, қажет кезінде ауасы шығарылып отырған. Барлық топтағы шошқаларға 1360 гр түйіршіктелген жем күніне екі рет 30 минут бойы берілген. Әр азықтанудан кейін қалған жем өлшеніп отырған. Тамақтану алдында шарды үрлеу жануарлардың азық-түлік тұтынуын 60%-ға қысқартқан.
OSIRIS жүйесін сынау бір ай бойы жүргізілген. Енді зерттеушілер тамақ жеуді азайту қаншалықты салмақ жоғалтуға әкелетінін білу үшін құрылғыны ұзақ уақыт бойы сынауды бастады.
«Дәстүрлі асқазан шарларына арналған әдеттегі уақыт аралығы салмақ жоғалтуды байқамай тұрып, алты айға созылады. Оның шынымен жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеу үшін біз құрылғымызды ұзақ уақыт аралығында бағалауымыз керек»,– дейді MIT зерттеуінің жетекші авторы Нил Цзыксун Цзя.
OSIRIS жүйесін адамға қауіпсіз екені дәлелденсе, оны семіздікке қарсы препараттарға қарағанда біршама инвазивті, бариатриялық хирургияға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз салмақ жоғалтудың баламалы нұсқасы ретінде пайдалануға жол ашылады.
Операция жасауға болмайтын немесе дәрі-дәрмекке шыдамайтын, басқа да жоғары тәуекелді науқастар үшін салмақ жоғалту өте қиын. Дәстүрлі асқазан шарлары әлі де қолданылады, бірақ олар салмақ жоғалтуда 4 айға ғана жарайтыны ғылыми дәлелденген. Сондықтан MIT инженерлері жасаған жаңа жүйе осы проблемаларды шешудің тиімді балама жолы болуы мүмкін. Зерттеудің толық нұсқасы Device журналында жарияланған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.