10 желтоқсанда азамат Қ.Нұрымов бұзақылық және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады. Іс-әрекетке тоқтамай, айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың тыныштығын бұзды. Бұзақылық фактісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды тағайындады", – делінген Алматы облысы ПД хабарламасында.
Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
"10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған құқыққа қарсы іс-қимыл нәтижесінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар жазаның бұлтартпаушылығы және заң мен тәртіпті сақтау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, полиция құқықбұзушылықтардың барлық фактілерін, оларды кім жасағанына қарамастан, елдегі заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі болатын бейтарап тергеуге міндетті екенін хабарлаймыз", – деді полиция өкілдері.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.