Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы халықтың зор сұранысына ие болуда. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған жобаның аралық нәтижелерін қорытындылап, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды пысықтау мақсатында Қызылордада «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі республикалық семинар жұмысын бастады. Оған барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері, кәсіпкерлер қатысуда.
Семинардың ашылу салтанатында сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ең алдымен, бағдарлама арқылы 16 мың шағын несие беріліп, 17 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылғанын атап өтті.
Вице-премьер бағдарламаны жетілдіру мақсатында "AMANAT" партиясымен бірлесе, бірқатар жұмыс атқарылғанын айтты. Әр облыстың, ауданның және ауылдың ерекшелігі ескеріле отырып, бейімділігі нақтыланды. Сондай-ақ өтінімдер қабылдаудың ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ауылдарда өзге де мемлекеттік қолдау түрлерін шоғырландыру қажеттігі анықталды.
Тамара Дүйсенова несие алған азаматтардың өндірген өнімдерін өткізу жолдарын реттеу қажеттігіне де баса мән берді. Енді әкімдер тек несиені беріп қана қоймай, әр жобаны аяғына нық тұрғанға дейін сүйемелдеуі қажет екені айтылды.
Бүгінде бұл бағытта оң нәтиже беріп жатқан тәжірибелер бар. Тамара Дүйсенованың аймақтарға жасаған жұмыс сапарлары аясында 4 облыстың (Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау) әкімдіктері өңірдегі ірі кәсіпорындармен жергілікті өнім өндірушілерді қолдау жөніндегі меморандумға қол қойған. Оның аясында жұмыстар басталып кетті. Мектеп оқушыларын тамақпен қамту жұмысы да шаруалардың өнімдерін өткізуге мүмкіндік туғызып отыр. Әрине, өнім сапасының талапқа сай келуі міндетті.
Ең басты мақсат – шаруалар өнімдерін тұрақты өткізу жолдарын түзу арқылы табысын көбейтуге жол ашу. Вице-премьер бұл міндетті іске асыру үшін жауапкершілік ауылдық округтердің, аудандар мен облыстардың әкімдеріне жүктелетінін атап өтті.
«Келесі жылға Ауыл шаруашылығы министрлігі 50 млрд теңге бөлсе, 2026 жылы да осынша қаржы қарастырылады. Оған несиелерден қайтарылған қаражат қосылады. Аймақтарға бұл қаржы бірнеше талаптарға қарай берілетін болады. Ұсынылатын жобаларда өндіріс пен өнім өткізудің нақты схемасы болуы қажет. Несие беру, қайтару және оны алушыларды есепке алатын ақпараттық жүйе орнатылуы тиіс. Бөлінген қаражаттың 20% ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, тағы 20% қайта өңдеуге, 60% басқа да бағыттарға қарастыруға рұқсат берілмек», – деді Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, республикалық семинар аясында секциялық отырыстар да қарастырылған. Онда «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырудағы негізгі мәселелер жан-жақты қарастырылып, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу шаралары қарастырылған. Семинардың екінші күні «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы ең үздік жобаларды марапаттау жоспарланған.