Алматы облысында 7 индустриялық аймақ құрылады

Алматы облысы экономикасының үштен бір бөлігінен астамын өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені алып отыр. Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы айтарлықтай қолдау көрсетіледі.

Алматы облысы экономикасының үштен бір бөлігінен астамын  өнеркәсіп өндірісі мен агроөнеркәсіп кешені құрайды. Көлемі 1,5 трлн теңгеден астам өнеркәсіптік өндірістің шамамен 90%-ы өңдеу секторына жатады. Олардың ішінде көлемнің үштен екісі тамақ өнімдерін, сусындарды  және темекі өнімдерін өндіруге тиесілі. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, Алматы облысы көкөніс шырындарын өндіруде республикалық көлемнің – 80%, балмұздақ пен алкогольсіз сусындар өндірісінің – 61%, сүзбенің – 49%-ын ала отырып, жетекші орынды иеленеді. 

«Өндіріс көлемін ұлғайту үшін жетекші әлемдік компаниялар тартылуда. «Pepsi Co» компаниясы 300 жұмыс орнын құра отырып, құны 175 млн доллар болатын Lays чипстер шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Облысымыз құрылыс материалдарын өндіруде де негізгі орынды алады: гипсокартонның республикалық көлемнің 80%-ы, сэндвич-панельдердердің 43%, болат құбырлар мен профильдердердің 25%-ы бізде шығарылады», – деді облыс басшысы. 

Биыл «Технониколь» компаниясы құны 44 млрд теңгені құрайтын еліміздегі жылу оқшаулағыш материалдарының ең ірі өндірісін іске қосып, 220 жұмыс орны ашылды. Бұл ішкі нарықтағы сұраныстың 20%-ын жауып, импортқа тәуелділікті азайтады.

Еңбекшіқазақ ауданында вольфрам өңдеу бойынша Қазақстандағы алғашқы зауыттың ашылуы отандық тау-кен өнеркәсібі үшін тарихи оқиға болды. 300 млн долларды құрайтын жоба 1 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3,3 млн тонна руданы өңдеп, 65% вольфрам концентраты алынады. Бұл еліміздің әлемнің сирек кездесетін металдар нарығындағы орнын нығайтады. 

Сонымен қатар, қазан айында «Baoxin Metall», «Datang», «Dayu Irrigation» компанияларымен металлургия, инфрақұрылым, ирригация салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. «Орталық Азия – Қытай» 11-ші ынтымақтастық форумына қатысу жасыл даму мен тұрақты инфрақұрылым үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

«Өндірістік күштер мен еңбек ресурстарын үйлесімді орналастыру үшін жалпы ауданы 2 296 га болатын 7 индустриялық аймақ құру жұмыстары жалғасуда. Олар экспорттық өндірісті дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған. Мысалы, «Береке» индустриялық аймағында жылына 25 мың тонна қайта өңдеу қуаты бар «Fruit Art» жеміс-көкөніс өнімдерін мұздататын сублимациялық зауыт салынды. «Қайрат» аймағында инвестиция сомасы 150 млрд теңгені құрайтын 26 компания орналастырылды, 3560 жұмыс орны құрылмақ. «Қазыбек бек» және «Шелек» индустриялық аймақтарының жобалық жұмыстары аяқталуда. Қалған үш индустриялық аймақтың  негізгі бағыты агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады», – деді спикер. 

Аграрлық сектор азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде 8% үлесімен еліміздегі көшбасшы өңірлердің бестігіне кіреді. Өңір ет, көкөністер мен жемістер, картоп, жүгері, соя және күріш өндіруден республикадағы жетекші орындардың бірін алып отыр.

Биыл 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 29 млрд теңге субсидия бөлінді. Президенттің тапсырмасына сәйкес салада суармалы егістікті ұлғайтуға басымдық берілуде. Бүгінгі таңда су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 20 мың гектардан 43,6 мың га дейін ұлғайды. Өз кезегінде желілердің тозу деңгейінің жоғары болуы су шығының артуына әкелуде. Сондықтан соңғы үш жылда суару желілерін жаңғыртуға 12 млрд теңге бөлінді. Жақында Мемлекет басшысының қатысуымен Бакуде өткен саммит аясында Ислам даму банкімен елдің су ресурстарын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл қаржы институты 1,150 млрд доллар инвестициялауды жоспарлап отыр, оның бестен бір бөлігі  немесе 115 млрд теңгесі Алматы облысына бағытталады. 

Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды бағыт – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға қосу. Анықталған 399 мың гектардың 86 мыңы қайтарылып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің белгілеген жоспары 123%-ға орындалды. 

Мал шаруашылығында облыс құс, қой мен ешкі, ірі қара мал басының саны, сүт және жұмыртқа өндірісі бойынша жетекші орындарды иеленуде. Құс етін өндіруде 114,3 мың тонна көлемімен елімізде өндірілетін көлемнің үштен бірін ала отырып, көшбасшы болып табылады. Ендігі кезекте бастапқы өндірістен жоғары деңгейде қайта өңдеу өнімін шығару, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту маңызды міндеті тұр.  

Облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету үшін сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту бойынша 15 млрд теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылуда. 5,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу арқылы сүт өндірісі 31 мың тоннаға ұлғаяды. 

Ет өңдеу саласында 70 мың тонналық «Первомайские деликатесы», «Барон Фуд», «Макария», «Алель Агро», «Алатау құс», «Прима құс» сияқты танымал кәсіпорындар жұмыс істейді. Ауқымды жобалардың бірі – қуаттылығы жылына 3 мың тонна, құны 2 млрд теңге болатын «КегенМясПром» ет комбинатының құрылысы аяқталу барысында. Бұл етті өңдеу деңгейін  63,3%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, жыл басынан бері салада 5,1 млрд теңгеге 8 нысан іске қосылып, 130 жұмыс орны құрылды. 

Ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» Президенттік бағдарламасы арқылы айтарлықтай қолдау көрсетілуде. 2023-2024 жылдары 8,3 млрд теңгеге 1094 жеңілдетілген несие берілді. Бұл 46 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға, 130 шағын және орта бизнес нысанын ашуға, сол арқылы ауыл халқының орташа табысын 258 мың теңгеден 293 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді.