Елордадағы романтикалық оқиға күтпеген жағдайда аяқталды. Қаланың бір ауданында гүл сататын дүкен иесі тәртіп сақшыларына жүгініп, құнды гүл шоғының ұрланғаны туралы шағымданды, - деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу гүл жеткізушінің Hyundai Elantra көлігінің ішіне еркін кіріп, бағалы екі гүл шоғын алып кеткен. Ұрлық кезінде көлік есігі ашық күйінде қалған. Шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.
Полиция жедел іздестіру шараларының арқасында күдіктіні анықтады. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам бұл әрекетін толық мойындап, гүлдерді сүйіктісімен татуласу үшін ұрлағанын айтты. Оның айтуынша, олар ұрсысып қалған, ал кешірім сұрау үшін гүл сыйламақ болған, бірақ ақша тапшылығы осындай әрекетке итермелеген.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.