Екібастұздағы ауруханада зейнеткердің 13 миллион теңгесі ұрланды

Оның банктегі шотынан белгісіз біреу 13 миллион теңгесін өзіне аударып алған.

Екібастұз полициясына зейнеткер әйел хабарласып, банктегі шотынан қомақты қаражаты ұрлағанын жеткізген, – деп жазады Aikyn.kz

Полиция аталған қылмысты ашуға бағытталған іс-шаралар қабылдады.

– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында зейнеткердің биылғы 28 қараша – 2 желтоқсан аралығында аурухананың инсульт бөлімшесінде емделгені анықталды. Онымен бірге палатада бірнеше пациент болған. Полицейлер әлгі палатада зейнеткердің банктік мобильді қосымшасына заңсыз кіріп, шотынан ақша ұрлаған жас әйелді анықтады. Күдікті кінәсін мойындап отыр, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тәртіп сақшылары ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалды.