Бұл мерекенің маңызы зор, мәні ерекше – Ерлан Қошанов

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Құрметті отандастар!

Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл – азаттықтың ақ таңы атып, ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы ақиқатқа айналған ақжарылқап күн. Тамыры терең қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғырып, дүние дидарында дербес ел ретінде еңсе тіктеген мерейлі сәті. Сондықтан да бұл мерекенің маңызы зор, мәні ерекше.

Тәуелсіздік ел тарихында жаңа дәуірдің парағын ашып, қоғамдық өмірге соны леп, тың серпін әкелді. Тарихымызды түгендеп, ұлттық санамызды жаңғыртты. Елдік рухымызды асқақтатты. Маңызы зор ауқымды бастамалар мен жүйелі жобаларға жол ашты. Осының арқасында Қазақ елі отыз жылдан астам уақытта жаһанда беделі зор, өзіндік нық орны бар, іргелі мемлекетке айналды.  

Сол себепті де ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Оны барынша бағалау, көзіміздің қарашығындай сақтау және елдігімізді нығайту – ортақ парызымыз.

Қашан да қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, байтақ Отанымыздың болашағы жарқын болсын! Қабырғалы Қазақ елі дүние тұрғанша тұрсын!, – деді Мәжіліс спикері.