Марқұм Амандық Сағынғалиевті тапа-тал түсте «Дина» базарында ұрып өлтірген Мұхтар Ахмедов сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Қоғамдық резонанс тудырған атышулы іске бүгін, яғни, 19 желтоқсан күні Атырау қалалық №2 сотында нүкте қойылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Еске сала кетсек, қанды оқиға биыл 5 маусым күні болған еді.
Марқұм Амандық Сағынғалиев Қызылқоға ауданы Қарабау ауылынан Атырау қаласындағы «Дина» базарына келіп, "ГАЗель" көлігін тұраққа қойып жатқанда байқаусызда Mercedes-Benz көлігінің есігін жырып кеткен болатын. Мұны көрген көлік иесі Мұхтар Ахмедов оны соққыға жыққан.
Еңгезердей ер адамның соққысы салдарынан оқиға орнында есінен танып қалған азамат ауруханаға жеткізіліп, бес күннен кейін алған жарақатынан көз жұмған. Сот-медициналық сараптама қорытындысында марқұмның жабық бас-ми жарақатынан, бас сүйегінің сынығынан және миға қан құйылуы салдарынан қайтыс болғаны көрсетілген.
Баян Жанұзақова