Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін сынады

Ай сайынғы МӘМС жарналарының шекті мөлшерін 50 ЕТЖ-ге дейін көтеру жұмысшылар мен жұмыс берушілерге ауыртпалық түсіріп, теңсіз жүктеме тудырады.

Ай сайынғы МӘМС жарналарының шекті мөлшерін 50 ЕТЖ-ге дейін көтеру жұмысшылар мен жұмыс берушілерге ауыртпалық түсіріп, теңсіз жүктеме тудырады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

"Жүйелі мәселелерді шешіп, шығындарды оңтайландырудың орнына, МӘМС тағы да азаматтардан қосымша қаржы талап етіп отыр. Бірақ бұл талаптар ашықтыққа да, медициналық көмектің сапасын жақсартуға да кепілдік бермейді.

Бұл шынайы реформа емес. Бұл – мемлекеттің өз міндетін орындамай, жауапкершілікті бизнес пен азаматтардың мойнына артуы. Мысалы, тек 2025 жылы бюджеттен МӘМС-ке 300 миллиард теңгеден астам қаржы жетіспейтін болады.

Мемлекет пен азаматтардың бірлескен жауапкершілігі қайда?", – деп жазды ол әлеуметтік желіде

Денсаулық сақтау министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды.

Жаңа өзгерістердің негізгі тармақтары:

  • Жоғарғы шекті мөлшердің ұлғаюы. МӘМС жарналарын есептеу үшін қабылданатын айлық табыстың ең жоғарғы шегі 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) 50 ЕТЖ-ге дейін ұлғайтылады (850 000 теңгеден 4 250 000 теңгеге дейін).
  • Мемлекеттің жарнасы. Жергілікті бюджеттер есебінен ресми түрде жұмыссыз және әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеу ұсынылады.
  • Бірыңғай медициналық пакет. Қызметтердің қайталануын болдырмау және мемлекеттік кепілдіктер мен МӘМС арасындағы айырмашылықты нақтылау үшін бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу көзделген.

Министрліктің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта 3,5 миллион адам (ел тұрғындарының 17,5%-ы) MӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың ішінде: 2,5 миллион адам – тұрмыс деңгейі жақсы азаматтар. Ал, 1 миллион адам – әлеуметтік дағдарыс деңгейіндегі азаматтар, табысы отбасының базалық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

Бұл азаматтардың МӘМС жүйесіне тартылуы үшін олардың жарналарын мемлекет жергілікті бюджеттен төлеуді ұсынып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.