Қызылордалық дәрігерлер жаңа туған сәбидің аяғын күйдіріп алған

Бұл жағдай Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында болған.

Қызылорда қаласында процедура кезінде жаңа туған нәрестенің аяғы күйіп қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл жағдай Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында болған. Жәбірленуші әйелдің туысы Айгерім Әбілтаеваның айтуынша, бірнеше күн бұрын жоғары қан қысымы байқалған жүкті келінін аудан дәрігерлері шұғыл түрде облыстық перинаталдық орталыққа жіберген. Қалада оған дереу "кесар тілігі" арқылы операция жасаған.

"Біз оны қалаға жібергендеріне қатты қуанып едік, өйткені мұнда дәрігерлердің деңгейі жоғары деп ойладық. Бірақ келгенде, не онымен, не дәрігерлермен кездесуімізге рұқсат бермеді. Тек нәрестенің кувезде екенін және оның жағдайы ауыр екенін білдік. Бірнеше күннен кейін келін жылап хабарласып, нәрестенің аяғын күйдіріп алғандарын айтты", – деп жазды әйел өз Facebook-парақшасында.