Алматыда жолды жауып, намаз оқыған 30 адам жазаланды

Оқиға Алматы қаласындағы Орталық мешіт маңында болған.

Алматыда жолды жауып, намаз оқыған 30-дан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы қаласы Полиция департаменті жол қозғалысына кедергі жасау қандай себеппен болса да, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы екенін және жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

«Заң талаптарын бұзған 30-дан астам адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 614-бабына сәйкес («Көлік қозғалысына кедергі жасау») әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласы Полиция департаменті азаматтарды заңға бағынуға шақырады және мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейтінін атап өтеді», — делінген полиция хабарламасында.

Оқиға 6 желтоқсанда Алматы қаласындағы Орталық мешіт маңында болған. Жұма намазына келген жамағат мешіт ауласына сыймағандықтан, Мәметов көшесінің бойында, жол үстінде намаз оқыған. Бұл әрекет жолда көлік кептелісі пайда болуына себеп болып, қала тұрғындарына қолайсыздық туғызды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.