Aikyn.kz жаңа тістер өсіретін препараттың сипатын америкалық bgr.com танымдық сайтында жарияланған хабарламаға сүйеніп талдайды.
Алғашында ғалымдар тістерді қалпына келтіруге арналған жаңа препарат 2024 жылдың соңына дейін адамдарда сыналатынын хабарлаған еді. Жапондық стоматологтар жаңа препараттың клиникалық сынақтарын қазан айында Киото университетінің ауруханасында бастады.
Препарат адамның қызыл иектеріміздің астына жасырылған құпияға негізделген. Ғалымдар адамдарда және басқа сүтқоректілердің көпшілігінде өсе алатын екі тіс жиынтығы бар екендігін бұрыннан біледі. Алайда соңғы зерттеулер біздің қызыл иектің астында жасырынған үшінші ұрпақтың бүршіктері де бар екенін көрсеткен. Дәл осы жасырын бүршіктерді ынталандырып, оларға әсер ету арқылы түсіп қалған тістерді толық қайта өсіру үшін жаңа препарат жасалды. Осы уақытқа дейін препарат тышқандар мен күзендерде сыналып, өте перспективалы нәтиже көрсетті.
Әдетте тіс USAG-1 ақуызының белсенділігінен өспей қалады. Ал жаңа препарат үшінші тістер жинағын оятуға мүмкіндік беру үшін USAG-1 ақуызын блоктап, тістерді қалпына келтіру әсерін тудырады.
Препарат дүниежүзіндегі адамдардың шамамен 0,1 пайызына әсер ететін тұқым қуалайтын ауруға қарсы жасалған. Бұндай ауру шайнау проблемаларын тудырады, ал Жапонияда ондай кемшіліктері бар адамдардың көпшілігі жастық шағында аузын маскамен бүркеп өткізеді.
Тісті қалпына келтіруге арналған осы препаратты қызыл иектің астында жасырылған үшінші тістер жинағын белсендіру үшін қолдану тіс дәрігерлеріне жетіспейтін тістерді сау, табиғи жолмен өсіріп алуға мүмкіндік береді. Бұл стоматологтар үшін үлкен өзгерістердің басы ғана. Клиникалық сынақтардың алғашқы кезеңі сәтті болғанымен, бұл препараттың адамдарда қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін бақылау керек. Ғалымдар алдағы айларда препарат жұмыс істей бастағанда жақсы нәтижелер болады деп үміттенеді.
Бақытымызға орай, дәрігерлер жаңа дәріні ауыз қуысының қай жеріне енгізу керектігін анықтап, жаңа тістің қай жерде өсетінін бақылай алады. Бірақ бұл сынақ дәрінің тістерді қалпына келтіре алатындығын тексеру үшін жүргізілмейді. Өйткені мамандар дәрінің тиімділігіне толық кепілдік береді. Сынақтар жаңа препараттың адам ағзасына қаншалықты қауіпсіз екенін тексеру үшін ғана қажет.
Сынақтар сәтті өтсе, тістерді қалпына келтіруге арналған жаңа дәрі жаппай қолданысқа енгізіліп, тіс емдеу проблемасын шешу жолын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Сынақтар қазаннан келесі жылдың күзіне дейін жалғасады деп жоспарланған. Сынақтар үшін 30-64 жас аралығындағы 30 ер адам іріктеліп, оларға көктамырға дәрі енгізіледі. Олардың денсаулық жағдайы мен жанама әсерлері үнемі бақылауда болады. Стартап барлық жанама әсерлерді мұқият жазып алады, бірақ зерттеушілер ешқандай ерекше проблемалардың болмайтынына сенімді. Бұрын сыналған жануарларда теріс реакциялар мүлдем тіркелмеген.
Ер адамдардың сынағы сәтті болса, келесі кезеңде сынақтар 2-7 жас аралығындағы балаларда жалғасады. Бұл жерде төрт немесе одан да көп тістері өспей қалған балалар таңдалмақшы.
Препаратты 2030 жылы сатылымға шығару жоспарланған. Ол алдымен тістері мүлдем өспегендерге ұсынылады. Дәрінің саудалық атауы, бағасы туралы айту әлі ерте. Бірақ стартап өкілдерінің мәлімдемелеріне сәйкес, препарат арзан болмайды.
Мамандардың айтуынша, 2030 жылға қарай кариестің салдарынан тістерін жоғалтқандар үшін де бұл препаратты қолдану мүмкін. Ондай адамдардың саны жүздеген миллион болуы мүмкін. Стартап өкілдері бұндай адамдарға да жаңа препарат көмектесетініне сенімді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.