Түркиялық компаниялар Қазақстанда кеме құрастыратын зауыт салады. Өндіріс орны Құрық портының жанында орналасады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, отандық флоттың жетіспеушілігі өзекті мәселелердің бірі. Ал кеме зауыты осы бағытты дамытуға дем болады. Сондай-ақ, министр транзиттік тасымалдағы жүк ағынын арттыру үшін шетелдерде қосымша сыртқы терминалдар ашылып, олардың қуаттылығы 5 есеге өсетінін айтты.
- Бүгінде Құрық-Алят қатынасында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. Қазірдің өзінде бізге ең кемінде 7 бірлік кеме қажет. Оның өндірісін қалыптастыру үшін түркиялық YDA және ASFAT компаниялары Құрық портының жанында арнайы зауыт құрылысын жоспарлап отыр. Қазақстандық дәліздерге жүк ағындарын тарту үшін ішкі терминалдармен қатар, шет елдердің жүк жинақталатын аумақтарында сыртқы терминалдар да қалыптастырылып жатыр. Қазір, Ляньюньган портында және Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан-Қытай терминалдары бар, сондай-ақ Грузияның Поти портында қазақстандық кәсіпкердің терминалы жұмыс жасауда, – деп түсіндірді Марат Қарабаев.