«Алтын сақа» орталығына барды

23 желтоқсан күні «AMANAT» партиясының мүшелері, атап айт­қанда, партияның Павлодар облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярова, облыс­тық мәслихат депутаттары және «AMANAT» фракциясының мүшелері Асылбек Туғанбай мен Света Абдраманова «Алтын Сақа» инновациялық шығармашылық орталығында болды. Бұл бірегей орталық бұған дейін қосымша білім беру мекемелері болмаған Екінші Павлодар шағынауданында ашылған.

Айнұр Мұхамедиярованың айтуынша, орталықтың ашылуы шағынаудан тұр­ғындары үшін көптен күткен оқиға болды.

«Екінші Павлодар тұрғындары зама­науи балалар орталығына мұқтаж екенін бұрыннан айтып келген. Бұл уәденің орындалғанын көру қуантады. Енді жас ұрпақтың білім алып, дамып, пайдалы уақыт өткізе алатын орны бар», – деп атап өтті ол.

«Алтын Сақа» орталығы балаларға қосымша білім беру үшін заманауи база ұсынады. Мұнда IT-студия, робототехника үйірмелері, шығармашылық, спорттық және музыкалық бағыттағы секциялар жұмыс істейді. Шеберханаларда темір ұсталығы, ағаш ұсталығы және тігін ісі бойынша сабақтар өткізіледі. Балаларға қолайлы болу үшін буфет те қарастырылған.

Орталық басшысы Саян Мұқановтың айтуынша, мекеменің жобалық қуаттылығы 5000 баланы қамтиды. Қазір орталыққа Екінші Павлодар мен қаланың басқа да аудандарынан 1000-нан астам бала келеді.

«Облыс басшылығының қолдауымен ғимаратқа қайта жөндеу жүргізіліп, ол жаңа өмірге ие болды. Бүгінде біз шағын­ауданның сабақтан тыс уақыттағы қажет­тіліктерін толық қамтамасыз етіп отыр­мыз», – деді Саян Мұқанов.

Орталыққа 6 жастан бастап колледжді аяқтағанға дейінгі балалар қабылданады. Мұндағы барлық 17 оқу бағыты тегін, бұл әр отбасы үшін білім алуды қолжетімді етеді. Жақын арада жаңа секцияларды дамыту, байланыс спорт түрлері, мектепке даярлық, шет тілдері мен мемлекеттік тілді оқыту  жоспарда бар.

Ерекше назар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға аударылған. Орталықтың негізгі қызметкерлері — жақын маңдағы көшелердің тұрғындары, ал педагогикалық құрамы қаланың әртүрлі ауданынан келген мамандармен толықтырылған.