Жаңа жыл алдында кофеханалар жабылады

Кофеханалар желісінде жұмыс жағдайын жақсарту мен жалақыны көтеруді талап еткен қызметкерлер ереуілге шықты. Кофеханалар жабыла бастады.

Starbucks желісінде болып жатқан ереуілдер туралы nypost.com хабарламасына сүйенген Aikyn.kz жұмысшылардың талабын түсіндіреді.

Starbucks кофеханалар желісінің қызметкерлері ереуілге шықты, жексенбіде 50-ге жуық дүкен жабылған.  Фото nbcphiladelphia.com сайтынан алынды. 

Танымал Starbucks кофеханалар желісінде Жаңа жыл алдында жұмысшылар ереуілге шықты. Ереуілдер америкалық ірі мегаполистерде жүруде. Кәсіподақ таратқан хабарламаға сәйкес, жексенбіде Starbucks-тің  50-ге жуық дүкені жабылған.  Ереуіл Сиэтл, Чикаго, Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Питтсбург, Сент-Луис, Денвер және Колумбус, Огайо сияқты мегаполистерде өткен. Бостон, Портленд және Даллас-Форт-Уэрт, Техас қалаларының жұмысшылары ереуілге дүйсенбіде шығуды жоспарлап отыр.

Бұндай ірі наразылық білдіру шарасы 2023 жылдың маусымында болған еді. Осы жылдың басында кәсіподақ пен компания келісімге келуге уәделесіп, келіссөз жалғасқан. Starbucks сәуір айынан бері кәсіподақпен тоғыз келіссөздер өткізгенін және кәсіподақпен 30-дан астам келісімге қол жеткізгенін айтты. Алайда екі жақ та тығырыққа тірелген сияқты.

«Starbucks жоғары деңгейдегі менеджерлерге миллиондаған доллар айлық төлегенімен, компанияның негізгі жұмысын қамтамасыз ететін баристалар үшін өміршең экономикалық ұсыныс жасай алмады», – дейді келіссөзге қатысушылар.

Starbucks Workers United кәсіподағы: «Биылғы еңбек келісіміне байланысты міндеттеме орындалмады». Фото independent.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: The Associated Press

«Жаңажылдық мерекелік маусым Starbucks-та ғажайып болуы керек, бірақ көпшілігіміз үшін жалбыздан жасалған мока мен зімбір латтелердің қараңғы жағы да бар. Мен үш баланың анасымын, қызым қант диабетімен ауырады. Мен дүрбелеңнің не екенін білемін, өйткені менің жұмыс уақытым қысқарды. Мен төлемдерімді төлей алмаймын және денсаулық сақтау қызметтеріне, соның ішінде қызымның инсулиніне қол жеткізе алмаймын», – дейді Starbucks қызметкері Арлоа Флоур.

Starbucks компаниясы аптасына кемінде 20 сағат жұмыс істейтін баристаларға колледжде ақысыз оқу және ақы төленетін отбасылық демалысты қоса алғанда, сағатына 30 доллар көлемінде жалақы мен жеңілдіктер ұсынатынын айтуда.

2021 жылдан бері компанияның АҚШ-тағы 535 дүкеніндегі жұмысшылардың мүддесін қорғауға құрылған Starbucks Workers United кәсіподағы Starbucks ақпан айында биылғы еңбек келісіміне қол жеткізу туралы міндеттемесін орындамағынан мәлімдеді.

Starbucks басшылығы кәсіподақтың жалақыны дереу 64%-ға арттыру талабын орындау мүмкін еместігін хабарлады. Фото nypost.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Ереуілдер бірнеше айға созылған келіссөздерден нәтиже болмаған соң басталды. Starbucks Workers United кәсіподағы компанияның «қанағаттанарлық іскерлік ұсыныс» жасамағанын және жұмыс жағдайын жақсартпағанын айтады.

Starbucks болса кәсіподақтың жалақыны дереу 64%-ға арттыру талабын орындау мүмкін еместігін, оның орнына жалақы үш жылдың ішінде 77% -ға дейін көтеруге келісетінін хабарлаған.

Компания келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін, бірақ Starbucks Workers United кәсіподағы келіссөздер үстеліне қайта оралуы керектігін мәлімдеген.

Қысқаша анықтама

Starbucks Coffee Company компаниясын 1971 жылы Сиэтлде (Вашингтон штаты) кофе мен шайды жақсы көретін үш кәсіпкер құрған. Олар Сиэтл қаласының Starbucks дүкендер желісі арқылы сапалы кофеге қол жеткізуді мақсат еткен.

Starbucks кофеханалар желісі баяу өскен және 1981 жылға қарай оның 4 жеке сауда дүкені және кофе қуыру цехы болды. 1983 жылға қарай компанияның маркетинг жөніндегі менеджері, кейінірек иесі Ховард Шульц италиялық дәмхананың сиқыры мен романтикасын қайта құруды ойлайды. Ол ішуге дайын эспрессоны тостағанмен сату тұжырымдамасын сынап көргісі келеді. Starbucks Coffee өзінің алтыншы дәмханасын Сиэтл қаласының орталығында ашқанда, бұл идея хит болады. 2 ай ішінде жаңа мекеме күніне 700-ден астам қонаққа қызмет көрсетіп, бүкіл дүкендер желісінен 3 есе көп кофе сатады.

Қазірде әлемге танымал Starbucks желісі 75 елдегі 32 мыңнан астам бөлшек сауда нүктелерін біріктірді, оның 8 мыңы АҚШ-та жұмыс істейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.