Халық қиын сәтте зардап шеккендердің жанынан табылады – ақтаулық тұрғын

Мамандар облыстық аурухананың сұранысына сәйкес зардап шеккендерге қажетті қан қоры тапсырылғанын айтып отыр.

Ресми дерек бойынша, 25 желтоқсан күні шамамен сағат 11:00-де Ақтау қаласының аумағына Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ құлады. Бұл оқиғаны естіген жергілікті билік шұғыл қимылдап жатыр. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да ұшақ апаты болған жерге барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Өңір басшысы оқиғаның мән-жайын біліп, құтқару жұмыстарының барысымен танысты. Оған қоса, тиісті құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берді. Жағдай қазір облыс әкімінің тікелей бақылауында көрінеді.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай оқиға орнына барып, облыс әкімінің төрағалығымен жедел штаб құрылды. Дәл қазіргі сәтте Қазақстан ТЖМ-нің 52 қызметкері мен 11 техникасы жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнына келген құтқарушылар әуекемесінің өртеніп жатқанын анықтап, өртті сөндіру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат нақтылануда, алдын ала мәлімет бойынша, аман қалғандар бар.

Бұдан бөлек,  жергілікті тұрғындардың айтуынша да, қан орталығына келіп, қан тапсырып жатқан жұрттың қарасы қалың.

– Кезекте тұрған адам көп. Көмекке ұмтылған адам көп. Келген жандардың бәріне қалай қан тапсыру керегін айтып, ақпараттандырып жатыр. Сондықтан біраз адам үйіне қайтып кетті. Енді олар «ертең қан тапсырамыз» деп отыр. Жалпы, біздің өңірде халық қиын сәтте зардап шеккендердің жанынан табылады, – дейді қан тапсыру орталығына келген ақтаулық тұрғын Нұрсұлтан Әлімбай.

Осыған байланысты маңғыстаулық жастар әлеуметтік желіде қалай қан тапсыру керегін айтып, көпшілікті ақпараттандырып отыр.

– Қан орталығындамыз. Мамандар облыстық аурухананың сұранысына сәйкес зардап шеккендерге қажетті қан қоры тапсырылғанын айтып отыр. Маңызды ақпарат! Қан тапсыру үшін тамақтанбай, майлы ас ішпей тапсыру қажет. Сондықтан ертең таңертең сағат 08.00-ден бастап аш қарынға қан тапсыру қажет. Дәл қазір орталықта 100-ге жуық азамат қан тапсыру үшін кезекте тұр. Адам қарасы көп, – дейді Маңғыстау облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.