Ақтаудағы ұшақ апаты: құтқарушылар шұғыл көмек көрсетіп жатыр

Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылған.

Бүгін 2024 жылғы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190ar әуекемесі апатты жағдай жариялап, Ақтау әуежайына қонуға жағдай жасау туралы ақпарат түсті. Қону уақыты шамамен сағат 11:25 деп белгіленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алдын ала ақпарат бойынша, бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж болған. Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Сағат 11:30-да әуежайдан 3 шақырым жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.

ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды. Оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді. Жалпы, операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылып отыр.