Көшпелі жиын өтті

Теректі ауданында «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының көшпелі жиыны өтті.

«AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының партиялық бақылау комис­сиясының төрағасы Әлжан Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен Мәжіліске «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Нұрхат Жанбоз, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, бөлім, құқық қорғау органдарының бас­шылары, партиялық бақылау комиссиясы­ның мүшелері қатысты.

Күн тәртібі бойынша Теректі аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қанат Жақыбаев түнгі уақытта арақ-шарап сататын дүкендермен жұмысты, мал ба­ғымының жолға қойылмай тұрғанын тілге тиек етті. Малды еркіне жіберіп, көз салмай қоятын ағайынның ісін ақсуаттық Ләззат Бекішева да растады. Айыппұл сала беру бұл мәселені толық шешпейді. Халық бес-он теңгесін төлеп, қайта ескі әдетке басып тұр. Бақташылардың да табылмай тұрға­ны, мал бағуға ешкімнің құлықсыз екені айтылды.

Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бахтияр Катчеков қысқы жылыту маусымына байланысты өрт қауіпсіздігін сақтау ере­желерін, талаптардың орындалуын жік-жікке бөле талдап берді. 

Нұрхат Мүтиғоллаұлы әр баяндамашыдан кейін өзінің ұсыныс-пікірлерін айтып, сауалдарын жолдады. Жиынды Әлжан Нұрғалиев түйіндеді. Көшпелі Мәжілісте көшіп-қонған ойларды, талқыға түскен мәселелерді білек сыбана шешуде партиялық бақылау аянып қалмасы анық.