Шаттыққа толы шыршатой

Елордадағы Қазмедиа орталығында Президент шыршасы өтті.

Шыршаға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, оқуда, спортта жетістікке жеткен 100-ге жуық бала қатысты.

Балаларға арналған түрлі қойылым, мультфильм кейіпкерлері және супер қаһармандардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады. Арнайы қапшықтың ішінде балаларға арналған сөмке, планшет, арнайы кітаптар топтамасы және тәттілер бар.

Әр өңірден келген балалар 3 күн бойы Астананың әсем жерлерін аралаған.

– Құрметті біздің балғын балаларымыз, сіздерді бүгінгі Президенттің шыршасында, осындай үлкен мерекеде көргеніме қуаныштымын. Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өздеріңізге арнайы жылдың басында үлкен бір қуанышты сәтті сый ретінде тарту етті. Бір жыл бойы 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуда. Бүгінгі күні біздің мемлекетімізде сіздер үшін керемет заманауи мектептерде оқуға мүмкіндік туып, «Жайлы мектеп» жобасы іске асып жатыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында балаларымыз көптеген жетістікке жетуде. Биылдың өзінде 500-ден аса баламыз әлемдік олимпиадалардан жүлделі орындармен келіп жатыр. Жаңа жылда баршаңызға табыс тілейміз. Өркендеріңіз өсіп, үлкен жетістіктер мен жемістерге жете беріңіздер! Сөмкелеріңіздегі күнделіктеріңіз 5-ке толуына тілекшімін, – деді министр.

Президент шыршасын қатысып жатқан оқушылардың да көңіл күйі ерекше. Солардың бірі – Әли Құдияров Президент шыршасына арнайы Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Қулыкөл ауылынан келген. Ол – мектепте озат оқушы. Сондай-ақ республикалық олимпиадалардың жеңімпазы.

«Бүгінгі шырша ұнап жатыр. Көңіл күйім керемет. Үстімдегі киімді ата-анам, мұғалімдермен бірігіп осы шыршаға арнап тіктік. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жеті атам жазылған арнайы жазу бар. Қатарластарыма айтарым, сабақты жақсы оқып, тәртіпті болыңдар. Болашақта бизнесмен болғым келеді», – деді ол.