Сөздегі емес, істегі нәтиже маңызды

Жамбыл облысында соңғы жылдары қылмыс деңгейінің төмендегені жиі айтылуда. Биылғы тоғыз айдағы көрсеткіш те көңілге қонымды. Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың сөзінше, бұл жүйелі жұмыстың жемісі екен. Алайда босаңсуға негіз бар ма? Қай тұста сақ болғанымыз абзал?

Ең әуелі статистикаға келсек, былтырмен салыстырғанда қылмыс саны 11,5 пайызға аз тіркеліпті. Ауыр қылмыстар – 10,4%-ға, ауыр­лығы орташа қылмыстар – 21,9%-ға, пә­тер ұрлығы – 2,6%, ұялы телефон ұрлығы – 39,3%-ға, мал ұрлығы 19,4%-ға төмендеген. Сондай-ақ алаяқтық деректерінің тіркелуі 12,1%-ға қысқарған. Алайда алаңдайтын да мәселе жоқ емес. Мәселен, қылмыстық іс­тер бойынша сараптама уақыты тағайын­дал­ғанымен, тергеу әрекеттері ұзақ уақытқа созылуда. 

– Оқиға орнында қызметкерлердің қойыл­ған міндеттерді толық көлемде орындамауы байқалады. Сондықтан жедел қызметтер деректермен уақытылы алмасуы керек. Бала құқықтарын қорғау үшін тәртіп сақ­шы­лары мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қи­мыл­ын күшейту қажет. Оның ішінде боп­са­лау мәселесіне жіті көңіл бөлген маңызды. 5-11 сынып оқушылары арасында анонимді сау­алнама жүргізуді жетілдірген жөн. Мүл­ік­ті ұрлау қылмыстарына қатысты да түй­т­кілдер бар. Қызметкерлер әрдайым кін­әні жәбірленушілердің өздеріне жүктейді. Бірақ халықпен тығыз жұмыс жасау арқылы қылмыстың алдын алуға болады. Бұл мә­селе мал ұрлығына да қатысты. Қазір соғым маусымы жүріп жатыр. Сондықтан қызметкерлерге иесіз, ешбір қараусыз мал жүрмеуі керектігі туралы тапсырма беріп отырмын. Қылмыскерлерге қылмыс жасауға еш мүмкіндік бермеу керек, – дейді Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев.

Осылайша, департамент мамандары қазір мал мен ет өнімдері сатылатын баз­ар­ларды мықтап бақылауға алып отыр. Ал­айда Бақытжан Әсембекұлы күштік құрылым қызметкерлері арасында жеделдік жетіспей жатқанын ашып айтуда. 

Бұдан бөлек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл желісі бойынша құзырлы органдар негізгі күшті ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтарды жоюға бағыттамақ. Яғни, енді құқық саласының қызметкерлері есірткі жарнамасы бар жазуларды жұлып қана қоймай, олардың негізгі көзін анық­тауға күш жұмылдырмақ.

– Әр азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді және тиімді жұмыс істеуге тиіс. Заңды бұзған кез келген адам жазалануы керек. Әдемі сандар үшін емес, нақты нәтижелер үшін жұмыс істеу қажет, – дейді Бақытжан Малыбаев.

Мұндай ауқымды шалардың нәтижесін уақыт көрсете жатар. Алайда жасөс­пірім­дерге жасалып жатқан қылмыстар саны алаңдатпай қоймайды. Облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 6 айының қоры­тындысы бойынша жүкті әйелдер арасында 18 жасқа дейінгі босану саны 66 деректі құраған. Бұдан бөлек, дәл осы уақыт аралы­ғында 113 жүкті жасөс­пірім есепте тұрған.

Тағы бір алаңдайтын мәселе, есепті кезеңнің қорытындысы бойынша 73 жас­өспірім қылмыс жасаған. Ал «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік шарасы барысында облыс көлемінде 4 тәулікте 166 құқықбұзушылық дерегі тіркеліп отыр. Атап айтсақ, 20 желтоқ­сан күні асырауында жас баласы бар, алайда баласын тәрбиелеумен айналыспайтын 39 жастағы әйел анықталған. Жауапкершілігі төмен ананың 9 жасар баласы мектепке 10 күннен астам уақыт келмей, қаңғыбастылыққа салынған. Заңды өкілге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал Ювеналдық сотқа дайындалуда.

Тағы бір дерек, түнгі сағат 00:30-да Тараз көшелерінің бірінде құқық қорғау­шылардың назарына жалғыз жүрген 2 жасөспірім ілігеді. Нәтижесінде, кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуына жол бергені үшін ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. 

Сонымен қатар 17 жастағы тұлғаға алкоголь өнімдерін сату дерегі тіркелген. Жас жігіт өзінің үлкен ағасына түрі ұқсасты­ғын пайдаланып, бірнеше рет алкогольдік ішімдік сатып алған. Ол кезекті мәрте құжаттар талап етпеген сатушыны жаңыл­ыстырып, бір бөтелке сыра алып тұрған жерінен ұсталған. Кәсіпкерлік субъектісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс матер­иалдары сотқа жіберілген.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған бала­ларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 19 заңды өкіл, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс болуына жол бергені үшін 91 ата-ана жауапкершілікке тартылған. 

Сондай-ақ рейдтер барысында 9 кәмелетке толмаған жасөспірім және 9 қолайсыз отбасы анықталып, профилакти­калық есепке қойылған. Тұрғылықты жері бойынша 65 отбасы және полицияда есепте тұрған 74 кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты тексеру жүргізілген. Ал жалпы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерсіз ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты есепті кезеңде 7 393 жасөспірім анықталып, ата-аналары айыппұл арқалаған.

Жыл ішінде өңірде алаяқтық деректері төмендегенімен, интернет-алаяқтық алаң­датып тұр. Мәселен, биыл 612 оқиға тір­кел­іп, қылмыстардың ашылу көрсеткіші 43 пай­ызды ғана құраған. Нәтижесінде, жә­бір­ленушілерге 550,8 млн теңге шығын кел­тірілген. Ұсталған 60-тан аса кәсіби алаяқтардың 27-і өзге облыстардың тұрғын­дары болса, 2-і – Ресей мемлекетінің азаматы. 

Әрине, мұндай қылмыстар тәртіп сақ­шыларына қалыпты құбылыстай көрінетін шығар. Алайда заң өкілдерінің өздері қыл­мысқа барып жататынына не дерсің? Мә­селен, күні кеше Жамбыл облыстық Сы­байлас жемқорлыққа қарсы департамент мамандары аудандық екі учаскелік полицейді құрықтады. Олар талай жылдан бері «Айша бибі» бекетінен Қырғызстан еліне заңсыз жанар-жағармай тасыған жүк көліктерінен ақша жинап алып отырған. Күдіктілерді қылмыс үстінде құрықтау кезінде полицейдің бірі тіпті қызметтік тапаншасынан оқ ат­қан. Абырой болғанда жаралылар мен қаза тапқандар жоқ. Алайда жамбылдық тәртіп сақшылары­ның осылай еркінсуі еріксіз ойға қалдырады. 

Байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді деген тәртіп сақшы­ларының өзі тапаншадан оқ атып қылмысқа барып жатса, онда бұл күштік құрылымның ішінде май шіріткен «құмалақтардың» бар екенін көрсетуде. Осыны Полиция департаментінің басшылары жіті назарға алып, тәртіпті ең бірінші өз ішінен бастайды деген сенім мол.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы