Беделді CMA Trophee Mondial кубогы алғаш рет Францияның Монтаржис қаласында өтті. Солай 74 жыл қатарынан өтіп келе жатқан кубокты алғаш рет қазақстандық баяншы жеңіп алды.
Насыр Тарлабек Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 5-сыныбында оқиды. Әкесінің ықпалымен осы мектепке оқуға түсіп, баян аспабына қабылданады. Сонымен қатар ол әйгілі баяншы-аккор- деоншы Ғалымжан Нарымбетовтің шәкірті.
– Насырды мен 6 жасынан бастап дайындап келе жатырмын. Бұл жарысқа дейін түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүрді. Әр жарысқа таңертеңнен кешке дейін тыңғылықты дайындалып, үлкен еңбек жасадық. Мектепте Насырдан басқа да шәкірттерім бар. Алайда оның ерекше мінезі маған қатты ұнайды. Насыр – өте салмақты әрі шыдамды бала. Кейбір сәттерде өзіме үйренетін дүниелерді де тауып отырдым, – дейді ол.
Жалпы Насыр бұл байқауға дейін түрлі республикалық, халықтаралық турнирлардың жүлдегері болған. Олардың қатарында осы жылдың сәуір айында Ұлыбританияда өткен «4th Internatcional Onlain Festival en National Graded Solo Competition» атты халықаралық байқаудың І орын жүлдегері, маусым айында Америкада өткен «Accordion Star International 2024» атты халықаралық конкурсынының тағы да І орын иегері, мамыр айында Ресейде өткен «Открытый Чемпионат России по акордеону и баяну» чемпионатының ІІ орын жүлдегері деген атақтары бар.
– Маған баян аспабы өте қатты ұнайды. Өйткені оның дыбыс ырғағы мен оны жеткізу мәнері ерекше. Болашақта атақты баяншы болып, еліміздің атын шығаруды армандаймын. Ұстазым сияқты мен де шәкірт тәрбиелегім келеді. Елімізде баяншы аз болғандықтан, бұл мамандықтың аты өшіп бара жатыр. Сол үшін барынша еңбектенуге тырысамын, – дейді Насыр Тарлабек.
Насыр Франциядағы байқауда сахнаға шыққанда үлкен жауапкершілікті сезінгенін, барынша қатесіз ойнап шығуға тырысқанын тілге тиек етті. «Финалда Сербияның баласы бас жүлдені ала ма деген қорқыныш болды. Бірақ бірінші орын маған берілгенін естігенде қуанышымда шек болған жоқ» дейді ол.
Ғалымжан Нарымбетовтың сөзінше, Насыр байқауға өте мұқият дайындалған көрінеді. Оның финалда Сербия, Украина және Франциядан келген қарсыластары өте шебер әрі мықты болды. Соған қарамастан әділқазылар алқасы Насырдың деңгейін жоғары бағалап, оған өз жас тобындағы әлем чемпионатынының бас жүлдесін берді.
– Насыр екеуміздің жоспарымыз өте көп. 10 жасқа толып әлем чемпионатында топ жару – еліміз үшін үлкен қуаныш. Алда осындай халықаралық турнирлердің 18 жасқа дейінгі байқауына қатысуды көздеп отырмыз. Бар күшімізді салып, Нарынды әлем танитындай деңгейге көтергім келеді, – деді ұстазы.
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының мұғалімі әрі Насырдың әкесі Медет Абдуллаев бұл тарихи жеңіс екенін атап өтті.
– Баламыздың ортасы, ата-анасы өнер адамы болғаннан кейін тағдыр оны осы өнер саласына алып келді. Әрине, Насыр баянды бірден қағып алуы, ерекше дарынының арқасында осындай биіктерге жетіп жатыр. Өнердің ортасында туып-өскеннен кейін балаларымның бәрі өнер мектептерінде оқығанын жөн көрдім. Оған балаларымның да еш қарсылығы жоқ, – дейді ол.
Әкесінің сөзінше, алда Италияда өтетін маңызды бір байқау күтіп тұр. Маңыздылығы бойынша CMA Trophee Mondial байқауынан кем түспейтін жарысқа дайындық қызу жүруде. Оған дейін тағы баян аспабы бойынша Бельгияда өтетін байқауға қатысу мүмкіндігі туып тұр.
Францияда топ жарған жас талантымыз еліміздің атын асқақтатып қана қоймай, болашақта басқа да жас өнерпазға үлгі болатыны анық.
Әсет ҚАЛИ