Қураған ағаштан келер қауіп көп

Қай кезеңде болмасын экология мәселесі – алматылықтар үшін өзекті тақырыптың бірі.­­ Себебі жыл өткен сайын еліміздің оңтүстік астанасына сыртқы аймақтардан ағылып келетін көлік саны да, тұрақты жұмыс іздеп, ұзақ мерзімге тұрақтап қалу үшін қоныс аударатын тұрғын саны да артқан. Ал бұл жағдай өз кезегінде қаладағы жасыл желектің қурауына әсер ете бастады.

Алайда онсызда тіршілігі қайнаған қалада көлік саны мен өндіріс орындарының көбеюі жасыл желекке де өз әсерін тигізіп отыр. Кейінгі уақытта мамандар да қаладағы қураған ағаштардың жағдайына алаңдап отыр. Себебі резистограф арқылы жүргізіл­ген зерттеулер ағаштардың құрып бара жатқанын, соның әсерінен түрлі аурулар мен зиянкестер тарағанын көрсеткен. Аталған ақпаратты «ЭкоАлматы» ЖШС мекемесі де растайды. Дегенмен қазіргі кезеңде бұл мәселе тиісті мекеме маман­дары­ның назарынан тыс қалған жоқ. Оның бір көрінісі, көшпелі отырыс нәти­жесінде қала көшелеріндегі ескі ағаштардың орнына ірі көшеттер отырғызу туралы шешім қабылданған. Мамандардың сөзінше, жаңадан отырғызылатын ағаш­тардың биіктігі төрт метрден кем болмайды. «Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұр­хай­даров «Ағаштардың діңі шіри бастаған. Ал діңіне дейін шіріп кеткен мұндай ағаш­тар дауыл тұрса құлауы мүмкін. Сон­дық­тан қураған ағаштарды кесіп тастап, орнына жаңа көшеттерді отырғызу қажет», – дейді. 

Біз экологиялық маңызы бар мәселеге қатысты Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, энтомолог Нұржан Мұха­м­адиев­пен байланысқа шығып, қазіргі жағ­дай туралы өзінен толығырақ сұрап білген едік. Энтомолог қалада ірі көшеттер отырғызу ісін қолдайтынын, себебі бұл тиім­ді әдіс екенін айтады. 

– Қаламызда кәрі ағаштар мен құлағалы тұрған тал көп. Ағаштардың жағдайын анықтайтын ғылыми мекемелер, ботаника­лық институттар, «ЭкоАлматы» мекемесі және Өсімдік қорғау және карантин зерттеу институты жұмыс істейді. Биыл резистограф атты құралмен зерттеу жұмысы жүргізілді. Арнайы аппараттың көмегімен ағаштың діңіндегі өзегін алу арқылы оның жай-күйін анықтауға болады. Біз ағаштың жағдайын білу үшін ағаш жасын анықтауға арналған бұрғы (возрастной бурав) құралын қолданамыз. Құрылғының көмегімен ағаш­тың өзегін алып, сосын фитопатоло­гиялық зертханаға жібереміз. Бұл әдіс ағашта бактерия немесе зиянкестердің бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Бұрынғы ереже бойынша бір ағаштың орнына екі жарым немесе үш метрге дейінгі он көшет отырғызылатын. Қазіргі ұсыныс бойынша жер көлеміне бірнеше көшетті отырғызу мүмкін болмағандықтан, орнына 5-6 метрге дейінгі көшеттер отырғызылады. Жас көшеттер үлкен көшетке айналғанша біршама уақыт керек. Сондықтан біз ірі көшет отырғызу әдісін қолдаймыз. Дегенмен ірі көшеттер күтіп-баптау жұ­мыс­тарын көбірек қажет етеді. Ірі көшет үлкен ағашқа айналуы үшін әртүрлі ор­гани­калық және минералды тыңайтқыш­тар мен реттеуші препараттарды қолданған абзал, – деді энтомолог. 

Нұржан Мұхамадиев қаладағы жасыл желектің өсуіне ықпал етуші тағы бір маң­ызды факторды атап өтті. Оның айту­ынша, қаладағы ағаштардың өмір сүру ұзақтығы қысқа болып келеді. Бұл процеске қала экологиясының әсері басымырақ. Мәселен, диаметрі 30 сантиметрден асатын шыршаның инелерінде анық емес дақтар, күннің әсерінен күйген белгілер бар. Оны­мен қоса, тамыр маңындағы қоректену аумағы да азайып, қабығына механикалық зақым келген. Энтомологтың сөзінше, мұндай ағаштар санитарлық жағдай бойынша әлсіз деп есептеледі. Одан өзге қаланың орталық көшелерінде өсіп тұрған қылқан жапырақты ағаштарға 50-70 жыл болғанымен, олар әлі де кәрі деуге келмейді. 

– Әрине, қаладағы талдардың орман ағаштарына қарағанда өмір сүру мерзімі қысқа болып келеді. Өйткені олар ауадағы әртүрлі ауыр металдар мен көліктен шыққан көк түтінді бойына қабылдайды. Сондықтан олардың өсу процесі баяулайды. Кейде ағаштардың тамыры қазылады, топырағы жеткіліксіз болады немесе тыңайтқыш жетіспеуі мүмкін. Бүгінде қалада көлік саны көбейіп жатыр. Қураған ағаштар визуалды түрде сау болып тұрса да, оның діңіндегі шіріктері түрлі қауіп-қатерге әкелуі мүмкін. Тіпті, жауын-шашын, қатты жел соққан кездері жасыл ағаштардың өзі құлап жатқан жағдайлар кездеседі. Қаладағы ағаштарға арнайы зерттеу, мони­­торинг жұмыстарын жүргізіп, кәрі ағаш­тарды жаңа көшеттерге ауыстырған жөн. Қураған ағаштар адамзатқа, түрлі техникаларға зақым келтірмес үшін мәсе­лені уақытында алдын алу маңызды, – деді Нұржан Мұхамадиев. 

«ЭкоАлматы» ЖШС мамандары сквердегі кейбір шыршалар толығымен қурап қалғанын, ең алдымен сол ағаштарды кесу жұмыстары қарастырылғанын жеткізді. Қазіргі кезеңде көшеттер қала климатына бейімделген жергілікті тәлімбақта өсіріліп жатыр. Ал жаңадан отырғызылатын көш­ет­тер шетелден тасымалдана ма әлде өз елімізден бе? 

– Қаланы көгалдандыруда, әрине тұ­қым бақтары жеткіліксіз. Сондықтан ағаштар көбіне шет мемлекеттерден тасымалданады. Жеке аулалар үшін ағаштар негізінен Еуропадан келеді. Алматы қала­сының жағдайы бойынша айтар болсақ, көшеттер көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекетінен келеді. Дегенмен өз елімізде де көшеттер бар, бірақ олар кейде талапқа сай келмей жатады немесе жеткіліксіз болуы мүмкін, – деді Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институ­тының ғылыми қызметкері, энтомолог Н.Мұхамадиев. 

Естеріңізде болса, былтыр жаз айлар­ында алматылықтар қалада ағаш қандаласы қаптағанын айтып дабыл қаққан еді. Паразиттің көбеюіне ескі, дұрыс күтім жасалмаған ағаштардың да әсері бар. Мамандар уақытылы тазалық жұмыстары жүргізілмеген, ластанған орындар мен қураған ағаштар – қандаланың шоғырлану­ына негізгі себеп екенін ескертеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы