Халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында туннель салып, сол арқылы жанармайды заңсыз экспорттаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Түркістан облысы прокуратурасының бастамасы және үйлестіруімен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу және ҰҚК департаменттері, Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы арқылы қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, мұнай өнімдерін контрабандалауға арналған туннель жойылды.
Атап айтқанда, адамдар тобы қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 450 метрлік тоннель салған.
Осы тоннель арқылы күн сайын көлемі 5-7 тонна жанар-жағармай материалдарын контрабандалық жолмен шығарып, заңсыз әрекеттері шамамен екі айға созылған.
Арнайы шаралармен қылмыстық топтың барлық мүшелері, оның ішінде Өзбекстан азаматтары да белгілі болды.
Мағыналас іс-шараларды Өзбекстанның құқық қорғау органдары мемлекеттік шекараның маңындағы аймағында өткізді.
Сонымен қатар, көрші мемлекеттен экспортталған жанармайдың ақша аудару схемасы анықталды.
Трансұлттық қылмыстық топтың мүшелері Қазақстан аумағында да, Өзбекстан аумағында да ұсталды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.