"Аузымды байлап, басыма пакет кигізді": Түркістандық полицейлер 50 жастағы қойшыны қорлаған

Түркістан облысында 50 жастағы шопан полицейлерден қорлық көргенін айтып, әділдік іздеуде.

50 жастағы Нұртай Хожанов Түркістан облысына Өзбекстаннан он жыл бұрын көшіп келген. Содан бері Шардарада қой баққан.

Оның айтуынша, қыркүйек айында бір топ сарбаз оны полицей тіркеуінен өтуді сұрап, бөлімшеге апарған. Сол бөлімшеде полиция қызметкерілері жабылып оны соққыға жыққан. 

"Мені тіркеуден өтуімді сұрап, полицияға алып кетті. Барған бойда жұдырық астына алды. Ернім қанап, қолдарым көгерді. Оның бәрі аз десеңіз аузымды скочпен байлап, басыма пакет кигізді. Сөйтіп, жыныс мүшемнен бұрап, допша домалатты. Содан көрші кабинетке апарып сегіз ешкіні ұрлағанымды мойындауын сұрады. Иә, мен қойшымын. Бірақ ешқандай ешкі ұрламағанымды айттым", – дейді Нартай Хожанов.

Нартай Хожанов өзі қарайтын отардан 3 шақырым жерде тағы бір отардың барын айтты. Оның сөзінше, сол отардың иесі Шардара ауданындағы полиция қызметкерінің інісі екен. Міне, сол 8 ешкім ұрланды деп шағымданған.

Қатты соққыдан шопан сұлқ құлаған. Содан құзырлы орган өкілдері оны әуелі ауруханаға апарып, кейін туысының үйінде тастап кеткен.

"Олардың соққыға жыққанын ешкімге айтпадым. Жағдайымның ауыр екенін әйелім байқады. Сөйтіп әпкеммен прокуратураға арыз жаздық. Кейін үйіме мені қорлаған Нұрлан Жәрменов келіп, кешірім сұрады. Айтуынша, ұрлықты басқа біреу жасаған. Бірақ, бәрі кеш еді. Өйткені дәрігерлер маған өте ауыр диагноз қойды. Ұрпақсыз қалуым мүмкін", – дейді ол.  

Жәбірленушінің заңды өкілінің көмекшісі Жадыра Наурызбайқызының айтуынша, желтоқсанда видеоүндеу жариялап, әрең дегенде прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Онда да бір ғана бап көрсетілген.

– "Билігін асыра пайдалану" бабына "Азаптау", "Адам ұрлау" баптарының да қосылуын талап етеміз", – дейді Жадыра Наурызбайқызы.

Түркістан облысының прокуратурасының мәлімдеуінше, Түркістан облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы Хожановтың арызы негізінде Шардара АПБ-нің қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 362-бабы, 1-бөлігімен қылмыстық істі тіркеген. Қазір қылмыстық істің тергеу барысы бақылауға алынып, облыс прокуратурасының нұсқауына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Істі араға үш ай салып қозғады деген прокуратура өкілдері қылмыстық іс баптарын көбейтуі әзірге белгісіз. Оның үстіне, қойшыға қорлық көрсетті деген құзырлы орган өкілі әлі сол лауазымында екен.