«Таза Қазақстанның» мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекітті. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барлық өңірде іске асып жатыр.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті дамытудың әртүрлі әдіс-тәсілін қамтитын кешенді әдісті қарастырады. Негізгі бағыттар экологиялық ойлауды қалыптастыруды, жауапты мінез-құлықты дамыту және оны ынталандыру шараларын, экологиялық білім беру мен ақпараттандыруды қамтиды.

2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 25%-дан 38%-ға дейін арттыру, сондай-ақ экологиялық тәрбиені нығайту іс-шараларына тартылған оқушылар үлесін 15%-дан 40%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Қоршаған ортаны таза ұстауды дағдыға айналдыруды көздейді. 

Бұл туралы бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли  «Елдігімізді танытқан ерен жыл» мақаласында атап өтті. 

Оның айтуынша, көктемдегі алапат су тасқынына қарамастан, ел экологиялық акцияға белсенді атсалысты. 

«Президенттің бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Көктемгі су тасқынымен арпалысып, дағдарған шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне босаңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті. Түпкі мақсат – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллионға жуық адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метр¬ден аса арық тазартылды», – деп жазды Берік Уәли.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы  арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша үлес қосып жатыр. Бұған дейін «Таза бейсенбі»: Қазақстан бойынша 11 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қалдықтар қайта өңдеуге жіберілгені туралы хабарлаған болатынбыз.