«Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді

Елдік мәселелер қозғалатын Ұлт­тық құрылтайдың үшінші оты­­рысы биыл көне Сарайшық жұр­­тында – Атырау облысында өтті.

Бұған дейін Түркістан мен Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай биыл жеті ханның ордасы саналатын Сарайшықта өтті. Ұлтты ұйыстырып, халықты ортақ мәмілеге шақырған құрылтайдың мұнайлы өңірде болуы да тегін емес еді. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп аталған отырыста Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Әркім өз ата-бабасына, жерлесіне бұра тартып ескерткіш қоймауы керегін, Қазақстан «Ескерткіштер еліне» айналып бара жатқанын ақтылап айтты. Одан бөлек кітап ісінің елімізде едәуір ілгерілегенін де тілге тиек етті. Жалпы келелі жиында бұдан да басқа сөз болған жайт өте көп.

Бұл туралы бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли  «Елдігімізді танытқан ерен жыл» мақаласында атап өтті. 

«Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Аталған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрыл­тай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша, Президент үнемі айтатын «Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді», – деді Берік Уәли.

Жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу аясында жыл бойы ғылым мен білім, мәдениет пен ономастика салаларында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Айта кеткен жөн, сарапшылар Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айналғанын атап өтті.