Қаңтар оқиғасының куәгерлерімен сұхбаттасу оңай болған жоқ – Бигелді Ғабдуллин

Журналист, Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин Қаңтар оқиғасы туралы кітап жазды. Қаңтар оқиғасы туралы кітаптың тұсаукесері Алматы қаласында өтті.

«Қаңтар – 22»: неудавшийся госпереворот и пробуждение нации» кітабы жайында  «Тurkistan» халықаралық газетінің тілшісі Ахмет Өмірзаққа берген сұхбатында айтты. 

Автордың айтуынша, кітапта оқиғаның хроникасы жазылған. Дүрбелеңді көзімен көрген тұрғындармен жеке сұхбаттасқан. Көтеріліс кезінде туған-туысынан айырылған жандардың жан күйзелісі ауыр екенін айтты. 

– Бигелді Қайырдосұлы, елімізде екі жылдай уақыт бұрын өткен қасіретті Қаңтар оқиғасына байланысты жазған кітабыңыз қа¬зірден бастап оқырмандардың қызығушылығын тудырып жатыр. Бұл кітапты жазуға не түрткі болды?

– Қаңтар туралы көптеген мақала, сұхбат, кітап шығып жатыр. Бірақ шыққан кітаптардың басты кемшілігі – оларда тек Алматы туралы айтылады да, толық, ауқымды географиясы кең камтылмайды

Менің жұмысымның мақсаты – осы оқиғаларды жаңа және кеңірек көзқараспен қарау, оқиғаның жаңа беттерін ашу, өз көздерімен көргендердің ашық айтатын адамдарды тауып сұхбаттасу болды. Сондықтан кітапты жазуға түрткі болған нәрсе – Қаңтар  туралы неғұрлым толық және сенімді кітап жазуға деген ынта болды.

– Қаңтар оқиғасы жайында мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес», ресейлік журналист Леонид Млечиннің «Қаралы Қаңтар. Президент Тоқаев және сабақ алу» атты кітаптары жарық көрді. Сіздің кітабыңыздың аты аталған туындылардан қандай айырмашылығы бар?

– Қаңтар оқиғасы тек қана Алматы мен Астанада емес, көптеген аймақта болғаны мәлім. Сол себептен мен өзімнің зерттеу жұмысымды толыққанды жүргізу үшін Жаңаөзен қаласынан бастап, оншақты облыста болдым, адамдармен сөйлестім. Менің кітабым республикалық деңгейде жазылып отыр.

– Кітабыңызды жазуда халыққа БАҚ арқылы белгілі мәліметтерді шолып талдадыңыз ба, әлде көп жұртқа белгісіз тың деректер тауып, Қаңтар оқиғасының астарын аштыңыз ба?

– Менің кітабымда бұрын айтылмаған тың деректер, ақиқаттар көп және Қаңтар оқиғасының астарын көрсеттім.