Шетелден 9,8 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды

Қасым-Жомарт Тоқаев 10 мамырда «Экономиканы ырық­тандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Ал 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Пре­зидент еліміздің таяу келешектегі экономикалық дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындады. Үкімет жыл бойы осы негізгі міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсады.

Бұл туралы бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Елдігімізді танытқан ерен жыл» мақаласында атап өтті. 

«Мәселен, 2024 жылдың І жарты­жыл­дығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвес­тицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құрады. Бұл көрсет­кіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында көбірек тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд теңге көлеміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысы жаңадан жұмысын бастаған бірнеше ірі зауыт пен кәсіпорынға арнайы барып, қызметімен танысты», – деді Берік Уәли.

Жалпы бұдан бөлек бізде мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру мақсатында инновациялық жобалар навигаторы құрылды. Бұл жүйе кадрлық қажеттіліктерді анықтауға және жобалардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді. 2024 жылы 33 трлн теңгеге 755 жоба бақыланатын болады, олардың жүзеге асырылуы 150 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.