Биыл көлік және логистика саласында айтарлықтай табысқа жеткен жыл болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қаншама жылдап күткен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталды. Осы арқылы Марқакөл, Күршім аудандарының облыс орталығымен байланысы жеңілдеді. Ал бұған дейін аудан халқы паром арқылы қатынап келген еді.
Бұл туралы бүгін Egemen Qazaqstan газетінде Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Елдігімізді танытқан ерен жыл мақаласында атап өтті.
«3 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режімінде қатысты. Қытай – Қазақстан – Каспий теңізінің акваториясы – Әзербайжан – Грузия арқылы өтіп, әрі қарай Еуропа елдеріне баратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты уақыт жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді көлік жолына айналады. Бұдан бөлек, елімізде 1,4 мың шақырым теміржол жөндеуден өтіп, 12 мың шақырым автокөлік жолы салынып жатыр. «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» жолдарының халықаралық талаптарға сай жаңғыртылуы еліміздің өңіраралық байланысы мен транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыра түседі», – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар ресми дерек бойынша, 2024 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында ел бойынша көлікпен 977,4 миллион тонна жүк тасымалданып, бұл 2023 жылдың дәл сол сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға жоғары болды.