"Төрт адамның жағдайы ауыр": дәрігерлер Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы қалай екенін айтты

Облыстық көпбейінді ауруханада ем алып жатқан 6 науқастың 3-уі Әзербайжан, 3-уі Қырғызстан азаматы. Олар емделіп жатыр.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы қазіргі таңда Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен 6 науқас ем алып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

"Оның 4-еуі жансақтау орталығында. Біреуінің жағдайы өте ауыр. Үшеуінің жағдайы тұрақты ауыр. 2 науқас травматология бөлімшесінде емін жалғастыруда", – делінген ақпаратта.

Облыстық көпбейінді ауруханада ем алып жатқан 6 науқастың 3-уі Әзербайжан, 3-уі Қырғызстан азаматы.

Естеріңізге сала кетейік, кеше 25 желтоқсанда сағат 11.00-де Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының әуе кемесіндегі авариялық жағдай туралы ақпарат алғаннан соң Ақтау қаласы әуежайының ауданына Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдары шұғыл жіберілді.

Сағат 11.30-да әуежайдан 3 км жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Салдарынан ұшақтың фюзеляжының екі көлденең бөлікке бөлінген (қиранды арасындағы қашықтық 300 м) ақауы пайда болды, содан кейін ұшқыштар кабинасының маңында өрт шықты.

Сағат 11.35-те келген құтқарушылар өртті сөндіруге кірісті, ал сағат 12.05-те өрт толығымен сөндірілді. Апат болған жердің жалпы ауданы 4 200 шаршы метрді құрады.

Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды.

Оқиға салдарын жоюға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінен, Ұлттық ұланнан, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтен, Апаттар медицинасы орталығынан, жедел медициналық көмек бригадасынан және жергілікті атқарушы органдардан 492 адам, 102 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 10 кинологиялық есептоп, оның ішінде Астана қаласынан барған санитарлық борт жұмылдырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.