Өркендеу өткеліндегі бір жыл

Жыл соңы – өткенге көз жіберіп, мақсат-мұраттарды түгендеп, уақыт дәргейіне баға беретін меже. Еліміз үшін биылғы ұлу жылы оған дейінгі батыл бастамалардың жалғасындай маңызды шешімдер қабылданған жыл болды.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамыту мен өркендету жолында жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қо­ғам­дық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық да­му­дағы іргелі өзгерістер мен табыстарға қысқаша тоқ­талуды жөн көрдік. Бұл туралы Президент кеңес­шісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Egemen Qazaqstan-ға жарияланған материалында кеңі­нен мәліметтер келтірілген.

Ел іші, халық арасы

2024 жылы Президент жұмыс сапарымен елі­міздің 11 өңірінде болып, 60-тан аса өндірістік жә­не әлеуметтік-мәдени нысанмен танысып, жұрт­шылықпен кездескен екен. Сондай-ақ форум­дар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өт­кен ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысқан. Еліміздің сая­си және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өт­кізді. Солардың ішінде ерекше айта кетер оқи­ғалар да жетерлік. Ең бір ақжолтай жаңалық ре­тін­де жыл басындағы Жетіген ауылы Алатау қаласы бо­лып қайта құрылғанын айта кетуге болады. 

Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтарда «Алматы об­лысының әкімшілік-аумақтық құры­лысындағы өз­герістер туралы» Жарлыққа қол қой­ған болатын. Осы­лайша, келешекте Алматы мен Қонаевтың орта­сында бой көтеретін Alatau City қаласының іргесі қаланды.

Жыл жаңалығындай болған еңдігі бір оқиға – ұлт ұпайын тү­гендеген құрылтай болды. Елдік мә­селелер қозғалатын Ұлттық құ­рылтайдың үшінші отырысы биыл көне Сарайшық жұртында – Аты­рау облысында өтті.

«Құрылтайда ұлт болмысын қалыптастыратын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсі­би біліктілік, жасампаздық пен жа­ңашылдық секілді басты құн­дылықтар айқындалды. Сонымен қатар Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай биыл Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заңға қол қойылды. Яғни, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқы­ғы­ның қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабыл­данды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкер­шілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке ты­йым салуға бағытталған заңна­малық өзгерістер жасалды», – делінген мақалада.

Биылғы жыл барысында жа­сам­паздығымен қатар сындарлы шақтар да аз болған жоқ. Десе де, талайлы шақта Қазақстан халқы әдеттегідей бірліктің бекем үлгісін көрсете алды. Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зор зар­дабын тигізгені рас еді. Еліміздің 10 өңірінде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

«Мемлекет басшысы адамдар­ды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жан­дар­дың ешқайсысы елеусіз қалған жоқ. Мемлекет міндеттемесін то­лық орындады. Зардап шеккендер­дің бәріне материалдық, қаржылай қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен өңір­лерде комиссиялар жұмыс істеді, олар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жүз пайыз аяқталды. Бұл мақсаттарға бар­лы­ғы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Бұған қоса, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яки 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеу­меттік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы тө­ленді», – делінген Президент ке­ңес­шісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Egemen Qazaqstan-ға жа­рияланған материалында.

2024 жылы ел іші, халық ара­сында әлеуметтің әлеуетін көтер­ген тың жобаларға да толы болды. Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерде 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 36 мектеп пайда­ла­нуға берілді. Оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл – білім беру саласының инфрақұ­ры­лымын дамыту ісінде қала мен ауылға бірдей көңіл бөлінеді деген сөз.

Ал бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін 276 нысанның құры­лысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құры­лысы жүргізіледі. Оның ішінде, 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Халықаралық вектордың шапағаты

Биыл сыртқы саясатта да же­місті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халық­ара­лық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және Үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұл­ғаларымен, халықаралық және өңір­лік ұйымдардың жетекші­ле­рімен, бизнес-қоғамдастық өкіл­дерімен 84 кездесу өткізді. 22 мем­лекеттің елшісінен сенім гра­­моталарын қабылдады. Мемле­кет басшыларымен 49 мәрте те­лефон арқылы сөйлесті.

«Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталған жөн. Қазақстан биыл алты халық­аралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сондай-ақ Ха­лықаралық Аралды құтқару қо­рына төрағалық етті. Франциямен бірге Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастырды. Осы жа­уапты миссияларды еліміз абы­роймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжат­тардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ре­тінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті.

Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елде­ріне мемлекеттік сапармен, ал Ита­лия, Ватикан, Армения, Түрік­менстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Прези­дентінің соңғы 20 жылға жуық уа­қыттан кейін алғаш рет сапарла­ғанын атап өткен жөн. Бұл Мем­лекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар ауда­ратынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек, Президент түрлі халықаралық іс-шараға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің бас­шыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді», – делінген мақалада.

Биыл еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына лайықты төрағалық етті. Осы кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылғанын атай кеткен жөн. Ортақ түркі әліпбиінің нұс­қасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген V Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындары осы ұйымның аясында ұйымдас­тырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 елден 2 500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.

Еліміздің көлік-транзит әле­уетін арттыру бағытында айтар­лықтай жетістіктер бар.

«Мысалы, Президент 28 ақ­панда телекөпір арқылы Қытайдың Сиань қаласындағы Көлік-логис­тика орталығын ашты. Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еу­ропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

3 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзинь­пин Транскаспий халық­аралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контей­нерлерін жөнелту рәсіміне теле­көпір режімінде қатысты. Қытай –  Қазақстан – Каспий теңізінің акваториясы – Әзербайжан – Гру­зия арқылы өтіп, әрі қарай Еуропа елдеріне баратын Транс­каспий халықаралық көлік бағыты уақыт жағынан да, экономикалық тұр­ғыдан да тиімді көлік жолына айналады.

Сонымен қатар Өзбекстанмен арадағы көлік-транзит мүмкін­дік­терін кеңейту және Трансауған те­міржолы бағытын дамыту жө­нінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, елімізде 1,4 мың шақырым теміржол жөндеуден өтіп, 12 мың шақырым автокөлік жолы салынып жатыр. «Талды­қор­ған – Өскемен», «Қарағанды – Ал­маты», «Ақтөбе – Атырау – Ас­трахан» жолдарының халықаралық талаптарға сай жаңғыртылуы еліміздің өңіраралық байланысы мен транзиттік әлеуетін айтар­лықтай арттыра түседі», – деді Президент кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Осы орайда Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қаншама жылдан бері күткен Бұқтырма су қоймасы арқылы өте­тін көпір құрылысы аяқталғанын айта кеткен ләзім. Бұл Марқакөл, Күршім аудандарының облыс ор­талығымен байланысын жеңіл­детті. Бұған дейін аталған аудан­дардың халқы паром арқылы қатынап келген еді.

Тағдыршешті таңдау

6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты өткен жалпыұлттық рефе­рендумда халық өз ықтиярын білдіріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады. Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қа­зақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженер­лер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Респуб­ликасына мемлекеттік сапары ая­сында осы елдің Президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазір Қытай тара­пымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни, бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компа­ния­лардан құралған халықаралық консорциумға жүктеледі.

Жуырда Мемлекет басшысы Энер­гетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стан­са­сының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Осылайша, өркендеу өтке­лін­дегі бір жыл өтті. Материалмен то­лығырақ Egemen Qazaqstan ба­сылымынан таныса аласыздар.

Нұрлан ҚОСАЙ