Жас параспортшылармен кездесу өтті

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Федерация спортшыларымен және жаттықтырушы құраммен кездесті. Сұхбат кезінде биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2025 жылға жоспарланған жарыстарға дайындық барысы және алдағы маңызды міндеттер талқыланды.

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы, алдымен па­латаның және жеке өз атынан Маңғыстау облы­сында болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Мәулен Әшімбаев төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сымен мемлекеттік комиссия құрылып, құтқару опе­рациясы аясында жедел қажетті шара­лар қабылданғанын, сондай-ақ зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, ма­құлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, заң тәр­тіптік, әкімшілік және қылмыстық жауап­кершілік шараларынан туындайтын мемлекеттік қызметке кіруді шектеу мерзімдерін, олардың салдарларының мөлшерлестігін айқындау, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштердегі басшы лауа­зымдарды іріктеуді жетілдіру және оларды жасақтау сапасын арттыру, арнаулы, әскери атағын немесе жоғары басшы құрам мен басқаларының сыныптық шенін төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану тәртібін реттеуді және тағы басқа ережелерді айқындайды.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Респуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заң нормаларына сәйкес «қоғамдық жұмыстар» түріндегі әкімшілік жаза енгізіледі. Сондай-ақ құжат әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жаза қолдануға құқығы бар лауазымды адамдар шеңберін кеңейтуді көздейді. Іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын жағдайларда жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қайта қарау тәртібі де айқындалған. Жалпы, заң азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, әкімшілік-деликтілік заңнаманы жетілдіруге және оңтайландыруға, сондай-ақ құқық қолдану практикасында анықталған құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға мүмкіндік береді

Сенат Төрағасы бұл Палатаның биылғы қоры­тынды отырысы екенін айтты. Ол өз сөзінде 2024 жылғы заңнамалық жұмыстың нәтижесіне тоқталып, 2025 жылға арналған негізгі міндеттерге назар аударды. Биыл Парламент Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз етуге, халықтың осал топтарын қорғауға және басқа да маңызды мін­деттерді іске асыруға арналған 104 заң қабылдады.

«Жыл басынан бері Парламент 104 заң қабыл­дады. Олар Мемлекет басшысының тапсырма­ларын жүзеге асыруға, сондай-ақ еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қам­тамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды салалар да қамтылды. Азық-түлік қауіпсіздігі және Эко­номиканың өңдеуші секторын дамыту мәселе­леріне арналған парламенттік тыңдаулар өткізілді. Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден астам дөңгелек үстел мен Комитеттердің көшпелі отырыстары ұйымдас­тырылды. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолдадық», – деді палата Спикері.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев 2025 жылға арналған міндеттерді белгілеп берді. Олар сенаторлардың заңнамалық жұмысын одан әрі күшейтуді және өңірлермен өзара іс-қимылды жандандыруды көздейді.

«Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса бермек. Ертеңнен бастап сенаторлардың өңірлерге сапарлары басталады. Сапар кезінде тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек. Халыққа қабылданған заңдар­дың маңызын да кеңінен түсіндірген жөн. Келесі жылы Сенат Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерін қарайды. Бұл құжаттардың еліміз үшін маңызды екенін ескере отырып, оларды мұқият пысықтауы­мыз қажет», – деп, Мәулен Әшімбаев әріптестерін Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыру жолында белсенділік танытуға шақырды.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Андрей Лукин шекаралық өткізу пункттеріндегі инфрақұрылымдық мәселелерге назар аударды. Сенатор осы бағытта бірқатар шешім ұсынды. Оның ішінде жүк көлігі үшін сервистік күту аймақтарын құру, шекара маңындағы теміржол стансаларын жаңарту сияқты шаралар бар.

Ғалиасқар Сарыбаев ғарыш саласының негізгі проблемаларына тоқталды. Депутаттың айтуынша, «Бәйтерек» жобасын іске асыруға ерекше көңіл бөлген жөн.

Нұрия Ниязова «Медеу» мұз айдынының спорттық даңқын қайта жандандыру жөнінде бастама көтерді.

Жанболат Жөргенбаев Үкіметті Алматы об­лысындағы Алатау қаласының құрылысына мем­лекеттік қолдауды арттыруға және қолға алынған жобаларды іске асыру үшін 2025 жылға арналған республикалық бюджеттен қаражат бөлуге ша­қырды.

Бибігүл Жексенбай мәслихаттарды цифрлан­дыру сапасына байланысты мәселелерді көтерді. Осыған байланысты сенатор жағдайды жақсартуға, қызметтерді алу процесін автоматтандыру арқылы халықтың қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.