Қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтар мен иесіз қоқыс үйінділерінің шамадан тыс көптігі әрі оны кәдеге жаратудың мүлде қолға алынбағаны да жоғары мінбелерде жиі көтеріледі. Заңсыз әрі иесіз қоқыс полигондары жергілікті әкімдіктермен жойылып жатқанымен түйінді мәселелер әлі де болса жетерлік.
Қоқыс үйінділерінің көптігімен қоса, ірі өнеркәсіп орындарынан қоршаған ортаға және ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемі де аса орасан. Дегенмен облыстық Экология департаментінің мәліметінше, былтырмен салыстырғанда қоршаған ортаға эмиссия көлемі біршама төмендеген. Атап айтқанда, атмосфераны ластайтын заттар көлемі 222 тоннаға төмендесе, қоқыс үйінділерінің көлемі 2,4 миллион тоннаға азайған. Ақмола облыстық экология департаментінің басшысы Мағзұм Кукумбаевтың айтуынша, өңірдің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімімен жүргізілген тексерістердің нәтижесінде жалпы сомасы 65 миллион теңгеден астам 113 әкімшілік құқықбұзушылық хаттамалары толтырылып, оның 62,4 миллион теңгесі, яғни 95 пайызы өндіріліп алынған.
Жеке тұлғалардың өтініштер легінің көптігіне байланысты елорданың тап іргесіндегі Қосшы қаласындағы «Қосшы Су» коммуналдық шаруашылығына жоспардан тыс жүргізілген тексеріс лас судың үнемі жерге төгіліп жататынын анықтаған. Шағымдар негізінде арнайы барып тексеріс жүргізген экологтар сорғының істен шығуына байланысты лас шайынды судың төгіліп жайылып кеткен шайынды судың сол жердің рельефінің экологиялық жағдайына аса зор кері ықпалын тигізіп жатқанын анықтады. Тексеріс қорытындысы бойынша, «Қосшы Су» коммуналдық шаруашылығы әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 324-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сонымен қатар ремедиация бағдарламасын жасау бойынша нұсқау берілді.
– Қазіргі уақытта тексерістің нәтижелері бойынша аталған кәсіпорын ластануды жоюға бағытталған бес шараны қосатын ремедиация бойынша жұмыстарды жүргізу кестесін жасады. Яғни, бүлінген топырақтың өсімдік өсетін қабатын алу, ластанған топырақты жою, топыраққа химиялық талдау өткізу сонымен қатар тиісті түрде төсеу жолымен ортақ ландшафт желісін қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу болып отыр. Аталған бағдарлама бойынша қазір ремедиация жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді Ақмола облысы Экология департаментінің басшысы Мағзұм Кукумбаев.
Өңірде кен өндіретін кәсіп- орындарда да экологиялық жағдайға нұқсан келтіріп, қоршаған ортаны ластап жатқан жайлар біршама жоғары болып шықты. Мәселен, «Қазақалтын Тechnology» ЖШС-ға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында кәсіпорын мүлде экологиялық рұқсатнамасыз қызметін жүзеге асырып жатқаны анықталды. Тексеріс нәтижесінде кәсіпорын әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 328-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 44 миллион теңге-ден астам айыппұл салынған.
Экологтар өңірдегі қоршаған орта нысандарына жүргізілген тұрақты түрде жүргізілген мониторинг барысында елді мекендердегі ауаның, кәсіпорындардағы санитарлық-қорғаныс шекаралары, автокөліктер мен су жағалауындағы нысандарда да экологияның нашарлауына ықпал еткенін растады.
Жыл басынан бері департаменттің зертханалық-талдау бөлімі 155 мәрте сынама алған. Атап айтқанда, ауадан – 121, судан – 26, топырақтан – 2 және радиация бойынша 6 мәрте сынақ жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде қоршаған ортаға бекітілген эмиссия нормативтерінің артқаны үшін заң бұзғандар тиісті түрде жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстың бас экологы.
Экологтар өңірде көптеген қордаланған экологиялық мәселенің негізінен арнайы бекітілген Жол картасына сәйкес шешімін тауып жатқанын алға тартады. Қазіргі уақытқа дейін аталған Жол картасымен олардың тоғызы орындалған.
– Жылдар бойы шешімін таппай қордаланған мәселелердің бірі Степногор қаласының іргесіндегі «Қазақалтын» ЖШС-ның өндіріс нысандарының таяу орналасып, көк түтін мен шаңға тұншыққан Ақсу кентіндегі тұрғындардың ауыр жағдайы еді. Қазіргі уақытта ауылдың 114 үйінің тұрғындары көшірілді. Краснояр селосында жалпы қуаты 534 мВт жетті, Ерейментау ауданында екі және Аршалы ауданында екі жел электр стансасы кешендері салынды. Бестөбе кентінде ауаның ластануына байланысты бақылау бекеті орнатылды, – деп толықтырды Мағзұм Кукумбаев.
Дегенмен аймақта экологиялық жағдай мен қоршаған ортаға кері әсері төмен жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Аршалы, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында газдандыру жобалары жүзеге асырылуда. 2020 жылдан бастап 2022 жылға дейін елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жоба аяқталып, жалпы сомасы 10,3 миллиард теңгеге 647 шақырым газ құбыры желі-лері орнатылған. Нәтижесінде, Аршалы ауданындағы 17 мыңнан астам тұрғыны бар 16 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал былтыр алты елді мекенді газдандыру жобасын жүзеге асыруға 7,3 миллиард теңге бөлініп, Целиноград ауданындағы жалпы саны 23 мыңнан астам халқы бар үш елді мекенде газ тарату желілерін аяқтау жоспарланған еді. «Qazaq Gaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының есебінен биыл Целиноград ауданындағы «Нұрлы» газдандыру инвестициялау бағдарламасы жүзеге асып келеді. Оған сәйкес елордаға таяқтастам ғана қашықта орналасқан 80 мыңнан астам халқы бар Қосшы, Тайтөбе, Қаражар, Қараөткел, Қызылсуат ауылдарын газдандыру бойынша жалпы құны 20,7 миллиард теңгеден астам газдандыру жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп қойылыпты. Аталған жобалар бойынша аймақтан биылғы жылдың республикалық бюджетін нақтылауға экология министрлігіне бюджеттік өтінім беріліп, оның төртеуі мақұлданған. Сөйтіп, жоғарыдағы елді мекендерден Тайтөбеден басқа елді мекендер, сондай-ақ Аршалы кенті, Алтынсарин ауылында жалпы сомасы 7 миллиард 139 миллион теңгеден астам бюджеттік өтінім мақұлданған.
Аймақтағы аса күрделі әрі экологиялық кері ықпалын тигізіп отырған жағдай қоқыстың полигондарының заңсыздығы мен көптігі екенін жазғанбыз. Жақында экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес бірнеше аудан әкімдіктері стихиялық қоқыс үйінділерін жою шараларына қызу кіріскен. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ұсынған мәліметтеріне сенсек, аймақта күні бүгінге дейін 191 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталған. Оның ішінде 24-і, яғни тек 12 пайызы ғана жойылған.
Облыс орталығы Көкшетау қаласында да қоқыс мәселесі көптен бері қордаланып тұр. Өңірде қоқысты қайта өңдеу қажеттігін Президенттен бастап құзырлы министрліктер бірнеше мәрте көтергенімен, күні бүгінге дейін шыбық басы сынбаған. Экология департаментінің мәліметінше, қала жанынан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысын салу жобасы қолға алына бастаған. Аталған жоба бойынша қоқысты қайта өңдеу жұмыстары да жүзеге асырылмақ.
– Қазіргі уақытта Көкшетау қаласы мен Зеренді және Бурабай аудандарында қоқыс сұрыптайтын және қайта өңдейтін кешендердің құрылысы жобасын жүзеге асыру жобалары басталды. Құрылыс жұмыстары келер жылдың алғашқы тоқсанынан бастап жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба жүзеге асырылса қатты тұрмыстық қуаты 150 мың тонна қалдықтар мен 50 мың тонна органикалық қоқыстар 100 пайыз қайта өңдеуден өткізілмек. Алдын ала 7,2 миллиард теңге қарастырылмақ, – дейді облыстық Экология департаментінің басшысы Мағзұм Кукумбаев.
P.S.
Қалай дегенмен де, қоршаған ортаның қоқыс пен зиянды заттардан арылмауы әлі де болса құзырлы органдардан дереу шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетеді. Бұл орайда күрмеуі қиын мәселелерде экологияға орасан зиянын тигізіп отырған өндірістік нысандар тек айыппұл төлеп құтылып жатқаны алаңдатады. Мемлекет қазынасына қомақты қаражат болғанымен одан аймақтың онсыз да күрделі экологиясы жақсармайтыны сөзсіз. Сондықтан заң аясында жауапкершілікті қатаңдататын шаралар қабылдау қажет сияқты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы