Атырауда оқушыны ұрған мұғалім мектеп директоры болып тағайындалды

Мұғалімнің сабақ үстінде оқушыны балағаттап жатқан видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралған.

Атырау облысында оқушыны ұрған мұғалім мектеп директоры болып тағайындалды. Бұл туралы Аikyn.kz Stan.kz сілтеме жасап хабарлайды.

Желіде Атырау облысында мұғалімнің сабақ үстінде оқушыны балағаттап жатқан видеосы кеңінен тараған болатын. Қолданушылардың айтуынша, оқиға өткен жылы болыпты.

Қазір әлгі мұғалім сол мектептің директоры екен. Облыстық Білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"2024 жылдың 4 қарашасында конкурс қорытындысы бойынша С.Т. Жұпарғалиев Қадыр Мырза Әлі атындағы мектептің директоры болып тағайындалды. Мәлімдемеде оның білім саласында 35 жылдық тәжірибесі бар екені нақтыланады. Тағайындау кезінде ата-анадан да, әріптестерден де түсініктеме берілген жоқ. Байқау белгіленген талаптарға сай өтті”, – делінген хабарламада.

Ал, Білім басқармасы бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеру бастады. Оның нәтижесіне қарай заң аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.