Сындарлы кезеңнен сүрінбей өттік

Қазақ халқы ежелден кібісе жылын табиғаттың ерекше құбылыстарымен немесе ел тарихындағы маңызды оқиғалармен байланыстырған.

Расымен де, биылғы 2024 жыл ел есінде қаларлық елеулі оқиғаларға толы болды. Атап айтсақ, мемлекет қазынасына қайтарылған активтер есебінен мектептер, ауруханалар және спорт нысандары салынып, қоғам әділдікке қадам басқанын көрсетті. Халықаралық аренадағы елдің саяси мәртебесін биіктеткен еңселі өзгерістерден де құр алақан емеспіз. Мысалы, Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі қарсаңында ұйымдастырылған Астана саммиті, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті, Әлемдік діндер көшбасшыларының басқосуы және т.б. Сондай-ақ елдің қабырғасын қайыстырған су тасқыны апатында да халықтың ауызбіршілігіне куә болдық. Елден заңсыз шығарылған активтер қазынаға қайтарылып, сол қаражат есебінен әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ауылдық медицина мен тұрғын үй құрылысы жаңа деңгейге шықты. Сондықтан бұл жылды сөзсіз Қазақстанның дамуы мен бірлігінің айқын көрінісі деуге болады.

Әлемдік аренада ел беделі асқақтады

Биыл еліміз Еуразия құрлығында өзін­дік орны бар Шанхай ынтымақтастық ұйым­ының саммитін ең жоғары деңгейде өткізді. Ел астанасы халықаралық дипло­матия орталықтарының бірі ретіндегі мәр­те­бесін тағы да растады. Бұл Қазақ­станның әлемдік аренадағы беделін ай­тар­лықтай арттырады. Ұйымның жоғары деңгейі, барлық хаттамалық және техни­калық стандарттардың сақталуы, сондай-ақ саммитте қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстанның халықаралық ауқымдағы іс-шараларды өткізуге дайындығын көрсетті және оның сенімді және жауапты әріптес ретіндегі имиджін нығайтты. 

Айта кетейік, Қазақстан 2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы 5 шілдеге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне төрағалық еткен болатын. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қол­дауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салалар­ын­да форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өтті. Осы кезең аралығында ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толық­тырылды. Сондай-ақ ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қа­тары көбейді. Инвестиция­лар жөніндегі ар­найы жұмыс тобының қызметі қайта жанданып, ұлттық валюта­мен есеп айыры­суға көшу үдерісі қарқынды дами бастады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған еді. Оның негізі 1996 жылы «Шанхай бестігі» ретінде қаланды. Бүгінде ол көпсалалы және көпфункцио­налды ұйымға айналып отыр. Қазақстан ШЫҰ құрылғалы бері ұйымға төрт рет төр­ағалық еткен (2004, 2010, 2016 жылдар және 2023 жылдың шілдесінен биылға дейін). 

Биылғы саммиттің бұған дейінгі жиындардан өзгешелігі – оның жаңаша «ШЫҰ+» форматында ұйымдастырылған­ын­да. Нәтижесінде, ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер басшылары кеңесінің отырысынан бөлек, бақылаушы және серіктес мәртебесін алған мемлекеттер басшыларымен кездесу өтті. 

Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көр­шілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс іс­тей­тін мемлекетаралық қатынас­тардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті. Соны­мен қатар үш миллиардтан астам адам тұратын ШЫҰ-на экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мем­лекеттер мүше болып отырғанын жет­кізді. Осылайша, өзін бірегей алаң ретінде көрсететін ұйымға мүше мемлекет­тердің дауысы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетіне тоқталды. 

Шара барысында Астана декларациясы қабылданды. Бұл құжатқа сәйкес, ұйым аясындағы ынтымақтастық Еуразиядағы тең құқықты және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасына негіз бола алады. Сон­дай-ақ ШЫҰ төрағалығы Қытайға өтті.

Ұлт мүддесін айқындаған Ұлттық құрылтай

Атырау төрінде өткен Ұлттық құрыл­тайдың үшінші отырысы қазақ руханияты мен мемлекетшілдігі үшін жаңа дәуірдің бастамасына айналды. Бұл жиынның Жай­ық жағасында өтуі кездейсоқ таңдау емес. Әлемге әйгілі Сарайшықтың тарихи мәні, Алтын Орда дәуірінің мұрасы – қазақ елінің өркениет тамырының терең­дігін тағы бір мәрте айқындай түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәңгілік тарих­ты Жаңа Қа­зақстанның келешегімен үндестіріп, болашаққа серпін беретін нақ­ты қадамдар туралы өз ойын ортаға салды.

Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Елдің тұтастығы зиялы қауымның парасатынан бастау алып, ха­лық арасындағы ауызбіршілікпен жал­ғаса­­тынын баса айтты. Жиында ұлттық сананы жаңғырту мен ұрпақ тәрбиесі басты назарда болды. Президент «Адал азамат» ұғымын қал­ып­тастыру арқылы әділеттілік пен адалдықты қоғамның негізгі құнды­лықтары­на айналдыру­ға үндеді. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ең сенімді бағыт.

Құрылтай барысында ел игілігі үшін маңызды мәселелер көтерілді: есірткі сау­дасы, нашақорлық, лудомания және буллинг сынды қоғам кеселдеріне қарсы күрестің жаңа стратегиялары талқыланды. Президенттің ойынша, ұлттың жаңа бей­­несін қалыптастыру үшін әрбір азамат өзіне жүктелген жауапкершілікті түсініп, адал еңбекке ұмтылуға тиіс.

Ұлттық құрылтайдың отырысы тарихи жаңғырудың, ұлттық мұраттарымыздың жаңа белестерін айқындап берді. Келесі құрылтайдың Көкшетауда өтуі – тарих пен болашақтың үндесуі ретінде тағы бір жарқын қадам болмақ.

Ел бірлігі сыналған сәт

2024 жылдың көктемінде елдің бірнеше облысын су басты. Тасқын салдарынан 100 мыңнан астам адам баспанасыз қалып, жеті қазақстандық қаза тапқан болатын. Бұл – ел тарихында соңғы 80 жылда бол­маған ең ірі су тасқыны апаты. Нәтиже­сінде, он өңірде төтенше жағдай жарияла­нып, Мемлекет басшысы жағдайды жеке бақы­лауына алды. Соның арқасында зар­дап шеккендерге қысқа мерзім ішінде өтемақы төленіп, үй-жайы қайта қалпына келмейтін азаматтарға жаңа баспана берілді. Апат салдарынан бұзылған инфра­құрылым жүйе­лері де жөнделді. Десе де, билік пен халық бірігіп, отандық бизнес­мендер, халықаралық компаниялар және көршілес елдердің тұрғындары қосыла, жұмылған жұдырықтай зардап шеккендерге көмек көрсетті. 

Мәселен, жалпы сомасы 13,3 млрд тең­геге 36,5 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек алды, ал 22 мыңға жуық отбасына жалпы көлемі 9,9 млрд теңге болатын 150 АЕК мөлшерінде өтемақы төленді. Су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында нар­ықтан 5,7 мыңнан астам жылжымайтын мүлік сатып алынды. Тоғыз мыңнан астам үйге жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, осы мақсат­тарға бюджеттен 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде халық үшін 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Сонымен қатар электр беру желілерін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге және жол инфра­құрылымын қалпына келтіруге 1,4 млрд теңге жұмсалды.

ШОБ субъектілеріне келтірілген зал­алды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Өңірлік комиссиялар барлығы 14,6 млрд теңгеге бизнестің 734 өтінішін мақұлдады. Қаза тапқан мал үшін мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Қайтқан малда қайыр бар

2024 жылы Қазақстанға заңсыз байыған азаматтардың активтері тұрақты түрде қайтарылып отырды. Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәл­ім­деу­інше, қайтарылған активтер қа­тарында: әкімшілік ғимараттар, экс­клю­з­ивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компания­лардың үлестері, теміржол және ақша, соның ішінде шет мемлекет­терден қайтар­ылған қаражаттар бар. 

Мәселен, биыл Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын Kaisar Tower бизнес орталығының ғимараты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына ауысты. Содай-ақ Алматыдағы құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының теңгеріміне берілді. Одан бөлек, елордада құны 5 млрд теңгеден асатын үш сарай мүгедек балаларға арналған Астана әкімдігінің Психоло­гия­лық-педагогикалық түзету кабинетінің балансына өтті. Сонымен қатар Ақмола облысының Барап ауылындағы жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр, жер учаскесі 135 гектар болатын резиденция Астана қаласының Білім басқармасына берілді. Қарап отырсақ, Мемлекетке қайтарылатын барлық активтер әлеуметтік мақсаттарда пайдалануға жіберілгенін көреміз. 

Жауапты мекеменің мәлімдеуінше, активтердің едәуір бөлігі шетелден қайтар­ылған. Мұндай активтердің жалпы сомасы 670,5 млн долларды немесе шамамен 297,5 млрд теңгені құрайды. Атап айтқанда, олар­дың қатарында Аустриядан (36,8 млрд теңге), Лихтенштейннен (116,7 млрд), БАӘ-ден (6,3 млрд), Түркиядан (6,5 млрд) қай­тарылған ақша, одан бөлек шетелдік бағалы қағаздарды сатудан түскен ақша (135,8 млрд) бар. Сонымен қатар Ресей мен Францияда да активтер анықталып, бүгінде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясына» берілді. Кімнен қанша қара­жат алынғаны сотқа дейінгі тергеу құпия­­лығына байланысты ашылмады.

2022 жылдан бастап мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,1 трлн теңгеден астам сомаға мүліктік ак­тивтер мен ақша қаражатын қайтарылған. Бұл қаражат мектептер, даму орталықтары, ауруханалар, спорт нысандары және басқа да әлеуметтік маңызы бар объекті­лерді салуға жұмсалды. Активтер есебінен салын­ып жатқан маңызды нысанның бірі – құны шамамен 35 млрд теңге бола­тын Риддердегі көпбейінді аурухана кешені.

Елге қайтарылған қаражат көлемі шама­мен 900 млрд теңгені құрады. 2023 жылы ҚР Президенті «Заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы» заңға қол қой­ған болатын. 

Визасыз режим енгізілді

2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы мен Қытай Ха­лық Республикасының үкіметтері ара­сындағы өзара визасыз режим туралы келісім күші­не енді. Бұл келісім екі елдің аза­мат­тарына жеке істермен, туризммен, ем­делумен, халықаралық тасымалдау­лармен, транзитпен және іскерлік мақ­саттармен саяхат жасауға визасыз баруға мүм­кіндік береді. Келісім бойынша, қа­зақстандықтар Қытайда 30 күнге дейін тұрақты бола ала­ды, ал 180 күнтізбелік күн ішінде жалпы 90 күннен аспауға тиіс. Бұл келісім қазақ­стандықтарға Қытайды туристік тұрғыдан танып-білуге жаңа мүм­кіндіктер ашып, сонымен қатар Қытай азаматтары үшін Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруда маң­ызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде туристік салаға қосымша табыс әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Осыл­айша, Қазақстан мен Қытай арасындағы виза­сыз режим экономикалық және тур­ис­тік тұрғыдан оң әсерлерін беріп отыр.

Әлемдік діндер көшбасшылары бас қосты

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXII отыры­сы өтті. Оған ислам, христиан, буд­дизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және бахаи дінінің делегаттары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен Қазақстан­дағы діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар қазір­гі заманғы сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру мәселелері бойынша пікір алмасты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысты сұрақтарды талқылады және алдағы VIII съездің күн тәртібін белгіледі.

Хатшылық отырысында қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды.

Стратегиялық әріптестіктің жаңа белесі

Биыл тарихта ерекше орын алған тағы бір айтулы шара – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Республикасына мемлекеттік сапары болды. Париж төрінде өткен Қазақстан мен Франция басшыларының кездесуі – екі ел арасындағы тарихи серпілістің жарқын көрінісіне айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон Елисей сарайындағы салтанатты кездесуде қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің жаңа белесін айшықтады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Францияның шынайы қонақжайлығы мен екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың тереңдігіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның жаһандық спорттағы жетістіктерін, атап айтқанда, Олимпиада ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын ерекше атап өтіп, алдағы Қысқы Олимпиаданың да табысты өтетініне сенім білдірді.

Екіжақты келіссөздер барысында сауда-саттық, инвестиция, мәдениет, ғылым, медицина, тіпті климат мәселесіне дейін қамтылған кең ауқымды тақырыптар талқыланды. Бұл сапар екі халықтың ортақ құндылықтары мен мүдделеріне негізделген серіктестікті одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Екі көшбасшының сенімді әрі сындарлы диалогы болашақтағы өркендеудің кепілі болмақ.

Қауіпсіздікті көздейтін ҰҚШҰ саммиті 

Ел есінде қалған елеулі шараның бірі астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік шар­ты туралы ұйымының Ұжымдық қау­іпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы бол­ды. Жиын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті.

Саммитке Беларусь Президенті Алек­сандр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Влади­мир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келді. Сонымен қатар сессия жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев пен Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин қатысты.

Мемлекет басшысы сессия барысында ұйымның ұжымдық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуді көздейтін тиімді әрі қажетті ха­л­ықаралық құрылымға айналғанын атап өтті. 

Жиын қорытындысы бойынша, мем­ле­кеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдар­ламасы бекітілді. Сонымен қатар прези­денттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдас­тырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.

Биыл Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етті. Соның аясында еліміз 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған және халықа­ралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлестікте ауқымды жұмыстар атқарылған. Осылайша, еліміз өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, төрағалық ету мәртебесін Қырғыз Республикасына сәтті табыстады.

Кәмила ЕРКІН