Әлемдік жұлдыздарға ән жазатын қазақстандық мұғалімнің табысы қанша?

Ерқанат Садухановтың айтуынша, қазір оның гонорары 10 есе өскен.

Америкалық рэпер әрі әнші Nicki Minaj-дың әуеніне саунд-продюсер болған қазақстандық битмейкер Ерқанат Садуханов қанша табыс табатыны туралы сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап. 

Битмейкер бұл туралы Jibek joly телеарнасына берген сұхбатында айтып берді.

 "2015 жылы бастаған кезде 2 000 теңгеге, 3 000 теңгеге сатқан болатынмын. Студенттік кезде дөнер алуға жететін ақша. Одан кейін өсті. Бәрі сұрайды Дуа Липаны. Қанша алды... Енді оны қысқаша айта кетсем, жаңағы сайтта өзінің бір стандартты баға тұрған болатын 500 доллар. Оны мен жұлдыздар алатынын білмеймін ғой. Ол енді бәріне арналған баға... сол 500 долларға өтіп кеткен болатын", – деді ол.

Ерқанат Садухановтың айтуынша, қазір оның гонорары 10 есе өскен.

"Теңгемен 3 миллион, 4 миллион. Ол енді үлкен әртістер болса...", – деді Ерқанат.

Айта кетейік, Ерқанат Садуханов – Абай облысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінен сабақ беретін мұғалім. Ол музыка әлемінде @eraholic лақап атымен танымал. Жас мұғалім өз парақшасында Ники Минаждың "Pink Friday 2" делюкс-альбомына саунд-продюсер болатынын ресми түрде жариялады.

Жас мұғалім Ерқанат Садуханов ұстаздық қызметімен қатар сүйікті ісін бірге алып жүріп, халықаралық жобаларда шығармашылық қабілетімен танылып жүр.

Nicki Minaj – әлемдегі ең табысты рэп-орындаушылардың бірі. Ол көптеген марапат иегері, оның ішінде ASCAP сыйлығын "ең үздік хип-хоп орындаушысы" ретінде алған, сондай-ақ жақында Эминемді басып, әлемдегі ең көп қаралымы бар рэп-орындаушы атанды.