Теңге бағамына нарықтан тыс, әкімшілік жолмен әсер ету өте қауіпті – Айбар Олжаев

Егер салық түсімдер бойынша оптимизм 2024 жылғыдай жоғары болса, тура осы проблеманы алдағы қыркүйекте тағы айтып отыратын боламыз.

"Ana tili" газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикада көзі қарақты жанға біраз нәрседен хабар берді. Ол теңге бағамы бойынша саясат.

"Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын", – деді Президент.

Оның айтуынша, нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу.

Осы орайда, теңге бағамының Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде түзілетінін айта кету керек. Таңғы сессияның қорытындысы жұмыс күндері сағат 11-00*де, кешкі сессия бойынша 17-00-де белгілі болады. Ал демалыс күндері Форекстегі басқа валюталарға шағылған кросс-курсқа қарап отырамыз. Сонда, 2024 жылдың 11 айында KASE-дегі бір ғана теңге/доллар жұбындағы сауда көлемі 44,12 миллиард долларға жеткен. Кейбір бизнесмендер айтып жүргендей, теңгені белгілі бір бағам аясында ұстап тұру мүлде қисынсыз, себебі ол үшін кем дегенде резервтен жылына 20 миллиард доллар жағып отыру керек. 

Біздің алтын-валюта резерві 43-44 миллиард доллар көлемінде екенін ескерсек, ол екі жылға ғана жетер еді. Ал теңгені ұстап тұруға резервіміз біткеннен кейін, теңге гипердевальвацияға ұшырап, өзінің нарықтық курсына 2-3 күнде жетіп алар еді. Осы гиперинфляция алып келетін шок экономикада дүрбелең туғызып, инвесторлардың жаппай қашуына, теңгеге деген сенімнің біржолата жоғалуына алып келері анық.

Сол себепті, теңге бағамына нарықтан тыс, әкімшілік жолмен әсер етудің өте қауіпті екенін, тұрақты курс популизмінен аулақ болу керектігін айтқым келеді.

"Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр", – деді Президент.

Өкінішке қарай, ел экономикасына ең көп зиян тигізген мекеме Ұлттық экономика министрлігі болып шықты. Олар салықтық түсімдерді жоспарлауда оңбай қателесті. Мысалы, 2024 жылдың 11 айында салық бойынша жоспар небәрі 76 пайызға орындалған. Арадағы алшақтық 3,6 триллион теңге. Ортақ бюджетке 21,13 триллион теңге түседі деп ойлаған Ұлттық экономика министрлігі шығыстарды 24 триллион теңгеге жоспарлап қойған. Күтпеген жерден дефициттің ұлғаюы биыл Ұлттық қордан алынған соманың кезекті рекорд жаңартуына алып келді. 

Дәл осы минаның енді 2025 жылдың бюджетіне кетіп қалғанын Ұлттық экономика министрлігінің байқамауы мүмкін емес. Егер салық түсімдер бойынша оптимизм 2024 жылғыдай жоғары болса, тура осы проблеманы алдағы қыркүйекте тағы айтып отыратын боламыз. Ал қазіргі жоспары жоғары, оны тек алдағы корректировкада ғана түзетіп алуға мүмкіндік бар. Бірақ бюджетке батыл түзету енгізуді (түсімдер бойынша жоспарды төмендетіп, тиісінше шығыстарды қысқарту) Ұлттық экономика министрлігі атқарады деуге сену қиын. Бар үміт тек жаңа министр Жұманғаринде ғана.

Экономикалық блок батыл қадамнан мүлде қорқатын, ескі хаттар, баяндамалар үлгісімен жұмыс істеп үйреніп қалған, баяғы эксель файлды тек қана жылын ауыстырып жаңартып қоятын кәрі қызметкерлер армиясынан құралған. Олардың ішінен бірде-бір адам "бюджеттік кризиске суыт жүріспен бара жатырмыз, бізге бюджеттік шығыстардың өсуі мен әлеуметтік шығындар индексациясын тоқтату керек" деп дабыл қағып айта алмайды. 

Бәрі кейнсиан шекпенінен шыққандықтан, оқыған кітаптары бір болғандықтан, олар тек қана мемлекеттік шығындарды арттыру арқылы экономикалық стимуляция, яғни өсім көрсетуді дұрыс деп санайды. Сонымен қатар экономикалық өсім жолында қаржылық тұрақтылық, контрциклді дисциплина, сыртқы қарыз көлемін бақылау сынды маңызды дүниелерді құрбандыққа шалуға дайын.

Президент осы диагнозды дөп қойған терапавт ретінде, бірақ өзіне тән дипломатиялық этикаға сай мәселені жұмсақ жеткізіп отыр. Одан сұхбат алған ақын Ерлан Жүнісше айтсақ:

Сен бәрін де білесің, бәрін-бәрін,

Дауылдарын жүректің, жауындарын.

Қай көктемде құстардың кешіккенін,

Сонда менің жанымның ауырғанын.

 

Айбар ОЛЖАЕВ,

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы коммуникациялар

жөніндегі кеңесшісі

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.