Ақмолада халық саны неге азайды?

Ел әлеуетінің ең басты әрі маңызды көрсеткіштерінің бірі халық саны мен демографиялық ахуалы екені рас.

Бұл тұста халық санының түрлі себептермен азайып жатқан аймақтардың қатары қалың. Ресми деректерге сенсек, елдің он облысында, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында халық санының күрт азаюы байқалған.

Ақмола облысы статистикалық департаменттің мәліметтеріне сенсек, аймақтағы халықтың жалпы саны 787 896 адамды құрап, өткен жылдың басына қарағанда біршама азайған. Бұл орайда халық санының табиғи өсімі қалыпты жағдайда, яғни туу мен өлім арасындағы көрсеткіш мәліметтерімен шаққанда 2 839 адамға көбірек болғанымен, басты себеп өңірден көшіп кеткен халықтың көбеюінен болған.

Жайлы өмір сүруді мақсат етіп, бақытын өзге аймақтар мен елдерден іздеген жұрттың қарасы қалың. Тек өткен жылдың басынан ғана облыс аумағында мыңдаған адам көшіп кеткен. Өңірде әсіресе алтын бесік – ауылдардың ескі бөздей сөгіліп, жаппай үдере көше бастағанын көші-қонның теріс сальдосы көрсетіп тұрған сандар сайрап айтып тұр.  Тек жыл басынан бері өңірдегі ауылды жерлердің халқы 5 507 адамға қысқарған. Тұрғындары көшіп кеткен ауылд­ардың көшін Зеренді ауданы бастаған. Тек осы ауданның өзінде ауыл­дағы халық саны 1 038 адамға қысқарған.

Облыстық статистикалық департамент мұнымен қоса, өңірдегі халық санының азаюына өткен жылдармен салыстырғанда демографиялық өсудің де айтарлықтай төмендеуі ықпал еткенін растап отыр. Мәселен, 2023 жылғы Ақмола облысын­дағы табиғи өсім 3 890 адамды құраса, былтыр тек 2 839 адамға ғана жеткен. Сондай-ақ аймақтағы қайтыс болған адамдардың да өткен жылмен салыстыр­ғанда біршама ұлғайғанын сандық көр­сет­кіштер айғақтар тұр. 2023 жылы облыс бойынша қайтыс болған адамдар саны 6 202 адамды құраса, 2024 жылы қайтыс болғандар саны 6 435 адамға жеткен. 

Статистикалық ведомство сонымен қатар демографиялық жағдайға әсер етуші аса маңызды факторлардың бірі – ажырасу екенін мәлімдеді. Аймақта некелескен жарымен ажырасқандар саны тек бір жылдың ішінде ғана еселеп артып шыға келген. Атап айтқанда, 2023 жылы облыс аумағында 741 отбасының шаңырағы шайқалып ажырасып тынса, 2024 жылы ажырасқандардың жалпы саны 1 526-ға жетіп жығылған. Бұл өз кезегінде өңірдегі халықтың демография­лық жағдайын әлсіретуге аса зор ықпал ететіні сөзсіз.

Қысқасы, аймақтағы статистикалық деректерден халық санының азаюына нақты себепкер болған бірнеше факторды анықтадық. Олардың ішіндегі ең бастысы, ауылды аймақтардан халықтың жайлы қоныс іздеп көшіп кетуі болса керек. Одан кейінгісі жыл санап табиғи халық өсуінің де төмендеп, бала туу көрсет­кішінің азайып, керісінше өлім көр­сеткішінің артуы халық санының азаюына себепкер болған. Мұнымен қоса, өңірдегі отбасын құрап жаңа шаңырақ болған жастардың араға аз уақыт салып ажырасып кетуі де демогафиялық ахуалдың демігуіне ықпал еткенін аңғардық. Түйткілді мәселені реттеуде құзырлы органдар аталған статистикалық деректерге терең­ірек үңіліп, тиісті оң шешім қабылдаса екен дейміз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы