5 қаңтарда Талдықорғандағы саяжайлардың бірінде, Қаратал өзенінің астындағы көпір маңында криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары барысында қару-жарақ жасырылған орын табылды. Ол жерден 14 патроны бар Калашников автоматы мен 8 патроны бар Макаров тапаншасы тәркіленді. Бұл Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару болатын, – деп хабарлайды Аikyn.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Атыс қарулары қоғам үшін ерекше қауіпті. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, бақылауға алынған, – деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
2022 жылдың басынан бастап қабылданған шаралармен 7 877 түрлі қару, 816 граната және 110 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 2024 жылдың соңында заңсыз айналымнан 2 мыңнан астам түрлі қару тәркіленген, оның ішінде 1 764 дана атыс қаруы, 274 дана травматикалық қару, 87 граната және 19 мыңнан астам әртүрлі калибрлі оқ-дәрі бар.
Сонымен қатар 21 заңсыз қару жасырылған орын табылған. Жыл басынан бастап бұл жұмыс белсенді түрде жалғасып, нәтижесінде 24 дана атыс қаруы тәркіленген.