Сапалы спорт мамандары тапшы

Спортшының бабы мен бағы артында бапкерден бастап, менеджер мен дәрігерге дейінгі бірталай маманның маңдай тері жататыны белгілі.

Демек, оларды дайындайтын арнаулы спорт орталықтарының жай-күйі, техникалық жарақтандырылуы, тиісті кадрлармен қамтылуы секілді мәселелер саланың өркен жаюында аса маңызды. Осы тұста біз бүгінде еліміздегі спорт мамандарын даярлайтын орталықтардың ахуалын сұрастырып көрген едік. 

Данияр ҚАСҚАРАУОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты:

Спортшылар интеллектуалдық жағынан да шыңдалуға тиіс

Мен өзім спорт кол­лед­жінде білім алдым. Ол жерде спортқа ерекше көңіл бөлінді. Бірнеше жыл бойы бізге салмақ қуалау, дұрыс демалу, психо­ло­гиялық сынбау секілді маңызды әдістерді үйретті. Алайда бұл оқыту жүйесі шетелдегідей заманауи тех­но­логиялар мен толыққанды әдістемелерге не­гіздел­меген еді. Қазір спорт мамандарын даяр­лай­тын мектептер мен орталықтардың жағдайы қа­лыптасу кезеңінде деп айтуға болады. Кеңес дә­уірінде спорт мамандары үшін жоғары сапалы оқулықтар мен нұсқаулықтар жасалып, сол кездегі білгір спорт­шылар ғылыми кітаптар деңгейінде­гі құнды әдісте­мелер қалдырған болатұғын. Өкінішке қарай, бү­гінде мұндай ресурстардың көпшілігі қолжетімсіз, ал шетелмен салыстырғанда маман даярлау ісінде біршама артта қалып отырмыз.

Өзімнің он жылдық спорттық тәжірибемде шетелдердің тәжірибелік және теориялық әдістерін көріп, таңғалатынмын. Бұл әдістер сол елдердің жүйелі әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған жүйесінің жемісі еді. Біздің елімізде де көптеген бапкер мен жаттықтырушы бар, бірақ олардың білімін толыққанды іске асыру жағы ақсап тұр. Әсіресе, ауылдық орталықтардан бастап респуб­ли­калық деңгейдегі мамандарды даярлау орын­да­рында білім беру сапасын арттыруға бағытталған семинарлар мен форумдарды көбейту қажет.

Қазіргі заман – ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан спортшыларымыз тек физикалық тұр­ғыда емес, интеллектуалдық жағынан да шың­далуға тиіс. Спорттық интеллект жоғары деңгейде болуы қажет деп санаймын. Егер біз осы прин­цип­терді негізге алсақ, елімізге қажетті кәсіби ма­ман­дарды даярлай аламыз. Бұл – қазақ спортының болашағын айқындайтын маңызды қадам.

Амалбек ТШАНОВ, 

қоғам қайраткері:

Мардымсыз жалақы мотивация бермейді

Менің пайымдауымша, спорт мамандарын даяр­лай­тын орталықтардың бола­шағы тікелей мемлекеттің қолдауына байланысты. Егер мемлекет бұл орта­лықтарға қажетті деңгейде қаржы бөлмесе, жер телімдерін қарастырмаса және инфрақұ­ры­лым­ды жаңартуға жағдай жасамаса, олардың қыз­меті құлдырауы мүмкін. Мұндай қолдаудың бол­мауы бірнеше нақты мәселелерді туындатары анық.

Бірінші мәселе, орталықтардың материалдық-техникалық базасы ескіріп, заманауи жабдықтар мен технологиялардың жетіспеушілігінде жатыр. Бұл спорт мамандарын даярлау сапасының төмен­деуіне әкеледі. Екінші мәселе – қаржылық қиын­дықтарға байланысты кәсіби оқытушылар мен жат­тықтырушылар жалақысының аздығы. Бұл олар­дың шетелге жаппай кетуіне әсер етеді. Со­ңында мұндай орталықтар қажетті кеңістіктер мен инфрақұрылымға ие болмаса, жас спортшыларды даярлау үдерісі шектеліп, спорт түрлерін дамыту тежеледі.

Тағы бір айта кететін тұсы, мемлекет бұл ор­талықтарға ерекше көңіл бөліп, тұрақты қаржы­ландыру жүйесін қамтамасыз етуге тиіс. Мемле­кеттің мұндай қолдауы ел спортының сапалы да­муына және халықаралық аренадағы беделін арт­тыруға негіз болар еді.

Қыдырбек РЫСБЕК,

журналист:

Спорт орталықтарына зертханалар қажет

Қазір спорт мамандарын дайындайтын орта­лық­тар­дың ахуалы қиын дер едім. Еліміздегі бап­керлер­дің 90 пайызы оқу-жаттығу жоспарларын құ­растыруда білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз көрі­неді. Бұл мамандардың кәсіби деңгейінің төмен­деуіне және олардың халықаралық стандарт­тарға сай болмауына әкеледі. Қазір нақты білікті мамандар даярлайтын жүйелі жұмыс істейтін мекеме жоқ деп айтуға негіз бар. Кеңес заманында бапкерлердің жұмысы жүйелі жолға қойылған еді. Сол кезеңде ма­ман­дарды ағзаның физиологиясы мен анатомиясын терең зерттеуге мүмкіндік бе­ретін зертханаларға апарып, тәжірибелік сабақтар арқылы олардың білімін жетілдіретін. Ал бүгінде мұндай толыққан­ды зертханалары бар оқу орта­лықтары мүлде жетіспейді. 

Әрбір оқу орны өз бағдарламаларын әзірлеуде бірізділікке сүйенсе, міне, нағыз жүйе деп соны айтады. Оның көмегімен мамандардың дайындық сапасы өте жоғары нәтижені көрсететін еді. Басқа да айтылмай жатқан мамандардың заманауи оқуға бейімдеу, халықаралық ынтымақтастық сынды мәселелердің барлығы осы жүйеге келіп тіреледі.   

Егер бұл мәселелер уақытылы шешілмесе, спорт саласындағы мамандардың тапшылығы мен олардың кәсіби деңгейінің төмендеуі ел спортының дамуына үлкен қауіп төндірері сөзсіз. Жүйелі түрде қаражат бөлу, инновациялық шешімдерді енгізу және салаға жан-жақты қолдау көрсету еліміздің спорттық жетістіктерін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.

Әсет ҚАЛИ